Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевты "тапсырыспен өлтіру": Алқабилер соты айыпталушыларды тағы ақтады


Ғалы Бақтыбаев.
Ғалы Бақтыбаев.

Қарағандыда алқабилер соты Атасу ауылында оққа ұшқан белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты істі қарап, үкім шығарды. Алқабилер соты да күдіктілерді адам өлтіру айыбы бойынша ақтады, бірақ төрт күдіктінің екеуін белсендіні ұрып соқты деген айыппен кінәлі деп тапты.

Алқабилер соты Атасу тұрғыны Иман Мияшовты "Адам өлтіру" бабы бойынша ақтағанымен; қару-жарақ сақтау, адам ұру, басқа адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру баптарымен айыпты деп танып; он жылға соттады. Бұған дейін прокурор оны барлық бап бойынша айыпты деп танып, 25 жылға соттауды сұраған еді.

Алқабилер соты "адам өлтіруге тапсырыс берді" деп айыпталған бұрынғы полицей Ғалым Ахмеджанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаевты да толық ақтады. Прокурор екеуін 20 жылға соттауды сұраған.

Ал Бақтыбаевты ұрып соқты деп айыпталған Елдар Жәкенді алқабилер соты айыпты деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор да Жәкенге осындай жаза беруді ұсынған.

Сот жәбірленуші тараптың моральдық шығын өтеу бойынша талабын жартылай қанағаттандырып, Бақтыбаевтың әпкесіне Мияшов үш миллион, Жәкен екі миллион теңге төлеуі тиіс деп тапты.

Сот ақталып шыққандар заңсыз қылмыстық жауапқа тарылғандары үшін өтемақы талап ете алатынын ескертті.

Тергеу тарабы Бақтыбаевты "тапсырыс беріп өлтірген" деп санайды. Айыпталғандар оны өлтірмегендерін айтқан еді, бірақ екеуі айыпты ішінара мойындап, Бақтыбаевты қаза боларынан біраз күн бұрын ұрып соққандарын айтқан.

2021 жылы маусымда алқабилер соты айыпталғандарды ақтап шыққан еді. Бірақ Ғалы Бақтыбаевтың әпкесі мен прокурор істі қараған Қарағанды облысы сотының алқабилер сотының үстінен шағым түсірген. Кейін іс Қарағанды облысы сотына қайта қарауға жіберілді, бірақ істі балқабилер соты басқа құраммен қарады.

59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өз үйінің алдында әлдекімдер аттып өлтірген. Қазақстан қоғамы, жергілікті және халықаралық ұйымдар істі әділ тергеуге шақырды. Арада үш жыл өтсе де, Бақтыбаевты өлтірді деген күдікті табылған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG