Accessibility links

"Келісімге келе алмаған" Орталық Азия басшылары және Нұр-Сұлтанға "ашуланған" Мәскеу


Оңнан солға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов. Шолпан-Ата, 20 шілде 2022 жыл.
Оңнан солға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов. Шолпан-Ата, 20 шілде 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия басшыларының консультативтік кездесуінде бес елдің жетекшілері ортақ келісімге келе алмағанын жазды. Сондай-ақ Назарбаев туыстарының ақшасын елге қайтару науқаны не себепті тек кейбір отбасы мүшесін ғана қамтып, негізгі ойыншылар нысанаға алынбағанын талдады. Одан бөлек Нұр-Сұлтанның Ресейден кетіп жатқан Батыс бизнесін елге тарту бастамасы неліктен Мәскеуді ашуландырғанына тоқталды.

БЕС ПРЕЗИДЕНТ НЕ СЕБЕПТІ ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫ?

Eurasianet басылымы 21 шілде күні Қырғызстанның Шолпон-Ата қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде бес президент достық туралы келісімге және аймақ қандай қиындықтарға тап болатыны жайлы ортақ тоқтамға келе алмағанына назар аударады.

Кездесуді қорытындылайтын құжат – Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа Тәжікстан мен Түрікменстан басшылары қол қоюдан бас тартты. Сөйтіп, шартқа тек Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары қол қойды. Тәжікстан мен Түрікменстан бұл келісімге қол қоймас бұрын өз елдеріндегі бірқатар процедураны реттеу керектігін айтты.

«Екі елдің де барынша авторитарлы екенін ескерсек, президенттің сөзі әдетте маңызды, сондықтан олардың мұнысы сенімсіз шақты», − дейді мақала авторы Eurasianet басылымының Орталық Азия бойынша редакторы Питер Леонард.

Мақала авторы Шолпан-Атадағы кездесуде барлық басшылардың арасынан Тоқаев осы келісімшартқа ерекше ықылас танытып, интеграцияның аймаққа пайдасын құлшына баяндағанын келтіреді. Тоқаев Қазақстан Өзбекстанның оңтүстік шекарасынан Ауғанстан арқылы Пәкістанға жететін Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржолын құрылысына қатысуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ аймақ елдерін 2014 жылы ашылған Қазақстаннан Түрікменстан арқылы Иранға баратын теміржолды белсенді пайдалануға шақырды.

Дегенмен мақала авторы Тоқаев қанша құлшыныс танытса да, өзге әріптестер басқа мәселе көтергенін келтіреді.

Мәселен, Тәжікстан президенті Рахмон өз сөзінде экстремизм, терроризм, есірткі мен қару-жарақ саудасы және кибертерроризм мәселесін қозғаған. Сонымен қатар Қазақстандағы Қаңтар, жақында Қарақалпақстан мен мамыр айында Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы оқиғаларды меңзеген ол әлдебір сыртқы күштерді айыптай сөйледі. Орталық Азиядағы барлық президенттер халық толқуына үшінші күштерді кінәлаған еді.

Ал Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов өз сөзінде «Орталық Азия халқының тарихи дәстүріне қайшы келетін идеялар мен көзқарастардың сырттан таңылып жатқанына» алаңдады.

Рахмон да, Бердімұхамедов те Ауғанстан мәселесіне тоқталды.

Ал Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өз сөзінде «деструктивті күштер қылмыскерлер мен діни фанаттарды тартып жатқанын» айтты.

Өзбекстан президенті әлем экономикасындағы тұрақсыздық инфляцияны өсіріп, аймақтың азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін жеткізді. Оның ойынша, мұндай жағдайда іс-әрекетті үйлестіру мен көпжақты ынтымақтастықтың тиімділігін арттырған жөн.

Мақала авторы мұндай үйлестіру қазіргі уақытта алға баспай тоқтап қалған келісімнің ең маңызды тұсы болуы керек еді дейді. Бірақ құжатта Ресей бастаған Еуразия экономика одағы немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді құрылымдарға бәсекелес бола алатын тұрақты орган құру туралы бірауыз сөз жазылмаған.

Басылым егер Тәжікстан мен Түрікменстан шартқа қол қоюға көнбесе, мұндай ортаазиялық альянс көңілден шықпауы мүмкін екенін жазады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАТЫС КОМПАНИЯЛАРЫН ТАРТУ ТАЛПЫНЫСЫ МӘСКЕУДІ АШУЛАНДЫРДЫ

«Нұр-Сұлтан Мәскеудің Украинадағы саясатын қолдамаған соң, екі елдің қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлады. Ал жақында президент Тоқаевтың Қазақстан Ресейден кетіп жатқан Батыс бизнесін елге тартуға тырысады деген мәлімдемесінен кейін екі елдің арасы тіпті нашарлай түсті». Сарапшы Пол Гобл Jamestown қорының сайтында шыққан мақаласында Нұр-Сұлтан мен Кремль қарым-қатынасының нашарлауына себеп болған факторлар мен оның салдарын талдайды.

Тоқаев 15 шілде күні үкіметке «инвестиция капиталы үшін ғаламдық күрестің куәсіне айналған» Қазақстан Ресейден кетіп жатқан Батыс компанияларын тарту арқылы пайда табуға тырысатынын айтқан.

Гоблдың жазуынша, Тоқаевтың Ресейден кетіп жатқан Батыс бизнесін елге шақыруы Мәскеудің ашу-ызасын тудырды. «Нұр-Сұлтанның әрекетін сатқындық деп бағалаған Мәскеу қазақ мұнайының Ресей арқылы Батысқа экспортына тосқауыл қойған».

Гобл бұл Кремльдің ашуын тудырғаны таңғаларлық дүние емес екеніне назар аударады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков елдердің шетелдік инвесторларды тартуға талпынуы «қалыпты нәрсе», бірақ компаниялардың сырттан жасалған қысым кесірінен кетуге мәжбүр болғаны «мүлде бөлек дүние» екенін айтты.

«Ресейдегі кейбір комментаторлар солтүстік Қазақстанды аннексиялауға немесе Қарақалпақстандағыдай жаппай тәртіпсіздікті тудыруға шақырды», − дейді мақала авторы.

Гоблдың топшылауынша, Мәскеудегі шиеленістің күшейгені сонша, «Независимая газета» басылымының редакторлары газет бетінде Украина − Ресей емес, сол тәрізді Қазақстан − Украина емес, Ресей Орталық Азиядағы республикаға Украинаға тәрізді қарап, қателік жасамағаны жөн деп ескертуге мәжбүр болған.

Сарапшы Нұр-Сұлтанның Ресейді айналып өтетін сауда жолдарын іздеуі мен сырттан төнетін кез келген қауіптің алдын алу үшін қорғаныс күштерінің қабілетін күшейтуі де Мәскеумен қарым-қатынасын ушықтырды деп есептейді. Ал Ресейден кетіп жатқан Батыс компанияларын елге тарту Нұр-Сұлтанды Мәскеуден одан сайын алшақтата түседі.

Гобл Тоқаевтың әрекеті мен Мәскеу реакциясы есепке алған күннің өзінде Путин жақын уақытта Қазақстанға қарсы әскери іс-қимылға көшеді деп топшылау ағаттық болар еді дейді. Бір жағынан Ресей күштері Украинада шоғырланған, екінші жағынан мұндай қадам Орталық Азиядан миллиондаған мигранттардың Ресейге ағылуына әкелуі мүмкін, ал Кремль де, Ресей де оларды қабылдауға құлықсыз.

«Бірақ сөз қағыстыру алдағы күндері мен апталарда ушыға түсетін сияқты. Мәскеу Қазақстанды ырқына көндіру үшін құбырға бақылауын, пропаганда аппараты мен Қытаймен байланысын пайдаланады. Бұған жауап ретінде Нұр-Сұлтан ұлтшылдық саясат ұстанып, Батыспен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы мүмкін. Бұл жағдай Мәскеуді алаңдатып, тағы бір текетірес тудырып, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нашарлауына әкелуі ықтимал».

НАЗАРБАЕВ ЖАҚЫНДАРЫНЫҢ АҚШАСЫН ЕЛГЕ ҚАЙТАРУ: КЕЙБІР ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІ ҒАНА НЫСАНАҒА АЛЫНҒАН

Eurasianet басылымы Қазақстан үкіметі экс-президент Назарбаевтың туыстары мен серіктеріне қатысты істер бойынша заңсыз жолмен табылды делінген жарты миллиард долларға жуық ақшаны қайтарғанын жазады.

Ақшаның бір бөлігі Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа, енді бір бөлігі Әлия Назарбаеваға қатысы бар «Оператор-РОП» компаниясымен байланысты.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мемлекеттің 230 миллиард теңгесін қайтарғанын мәлімдеді. Бұл шамамен 473 миллион долларға тең.

Мақала авторы Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис Тоқаев маусым айында «шетелге заңсыз шығарыған қаржыны мемлекетке қайтаратын» комиссия құрғанын еске салады. Бұл қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Тоқаевтың азғантай топтың қолында ел байлығын шоғырландыруға жол берген заңнаманы қайта қарастыруға және одан бұрын олигополияны жою жайлы берген уәдесінен кейін іске асып отыр.

Джоанна Лиллис Боранбаев, Сатыбалды мен оның әйелінің үстінен тергеу жүріп жатқан тұста әлгілер ақшаны қайтара бастағанын жазады.

«Мұның барлығы Назарбаев отбасының саяси және экономикалық күшін тежеуге бағытталған», − дейді автор.

Отбасы бизнесіне соққы жасау экс-президенттің інісі Болат Назарбаевты да белгілі бір дәрежеде қамтыды, ол майнинг фермасын «өз еркімен» жабуға келіскен. Алайда нысанаға мүлде алынбаған отбасы мүшелері де бар.

Джоанна Лиллис Қазақстандағы ең бай жұп – экс-президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың (Forbes журналының мәліметінше, әрқайсысының дәулеті 3,7 миллиард доллар) бизнес мүддесіне ешкім тимегенін жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG