Accessibility links

Одесса портына соққыдан кейін Украина Ресейді астық туралы келісімді бұзды деп айыптады


Украина Ресейді астық тасымалдау туралы Стамбул келісімінің шарттарын бұзуға оқталды деп айыптады.

Сенбі күні Украинаның "Оңтүстік" жедел басқармасы Ресей күштерінің Одесса порты аумағына зымыран соққы жасағанын хабарлаған.

Шабуылға қатысты пікірін айтқан Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Олег Николенко Ресей бір күн болмай жатып Стамбул келісімінде жазылған шарттар мен уәделерді орындаудан тайқи бастады деп мәлімдеді.

"Ресей зымыраны - бұл Владимир Путиннің келісімге қол жеткізуге орасан көп күш-жігерін жұмсаған БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерреш пен Түркия басшысы Режеп Ердоғанның бетіне түкіргені" деді ол Фейсбукта.

"Оңтүстік" басқармасының мәліметінше, сенбі күні Ресей армиясы "Калибр" қанатты зымыранымен Одессаға соққы жасаған.

"Екі зымыранды әуе қорғанысы атып түсірді, екі зымыран порттың инфрақұрылым нысанына түсті" деп жазылған хабарламада.

Одесса портындағы жарылыс пен өрт жайлы жергілікті Телеграм арналары да хабарлады. Халық депутаты Алексей Гончаров қалада әуе шайқасы болғанын айтты. "Неміс толқыны" сайтының жазуынша, осыған дейін Одессада дабыл ойнатылған.

Ресей басшылығы Одесса портына соққы мен одан кейінгі Украина тарабының мәлімдемесіне түсініктеме бермеді.

Ресей басқыншылығы жалғасып жатқан тұста украин астығы мен өзге де ауыл шаруашылық өнімдерін Қара теңіздегі украиналық порттар арқылы тасымалдау туралы келісімге 22 шілдеде Стамбулда қол қойылған. Украина мен Ресей өкілдері келісімнің орындалуына кепіл БҰҰ мен Түркия өкілдерімен жеке келісім жасасқан.

Құжатқа сәйкес, Қара теңіздегі үш украин порты: Одесса, Черноморск және Оңтүстік порттарына жол ашылуы тиіс. Ресей 24 ақпаннан бері порттар жолын жауып тастаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG