Accessibility links

Сібірге жер аударылған немістер жайлы балалар кітабы Ресей кітапханаларынан алынып жатыр


Ольга Колпакованың балаларға арналған "Полынная ёлка" ("Жусан шырша" – Ред.) деп аталатын кітабын Екатеринбург пен Свердловск облыстарының кітапханаларынан алып тастап жатыр. "Кітапта Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алтайға жер аударылған Еділ бойы немістері отбасыларының тағдыры әңгімеленген" деп хабарлайды Idel.Реалии.

Автордың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі жазбасына қарағанда, кітаптың алынып қалуына Орал педагогикалық университетінің доценті Иван Попптың шағымы себеп болған. Ол "кітапта тарихи оқиға бұрмаланған" және "патриотизм жеткіліксіз" деп бағалаған.

"Полынная ёлка" бұған дейін сыныптан тыс оқылатын көркем әдебиет тізіміне қосылып, 2019 жылы "балаларға арналған үздік әскери-патриоттық кітап" деген марапатқа ие болған.

Иван Попп жазып, жоғары оқу орнының ректоры Светлана Минюрова қол қойған сараптамада, "кітап мәтінінде Гитлер мен Сталинді салыстырған кезде Еуропадағы либерализм бағыты байқалады, жас оқырманды билікке құрмет көрсетпей жүре беруге шақырады, тарихи фактілер бұрмаланады" деп көрсетілген. Авторлар сараптаманы Свердловск облысының үкіметіне жібергеннен кейін кітап жергілікті кітапхана сөрелерлерінен алына бастаған. Кітапхана қызметкерлері облыс губернаторының орынбасары Виктор Крековтің бұйрығына сілтеген, ол бұйрық ауызша берілген.

Ольга Колпакова "Полынная ёлка" повесін неміс тілі пәнінің мұғалімі Мария Фитц естеліктері бойынша жазған. Өзге де немістер секілді Фитцтің отбасы да соғыс кезінде Еділ бойынан Сібірге жер аударылған.

Орал мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Иван Попп 2015 жылы Ресей мәдениет министрі Владимир Мединскийдің "Патриоттық тәрбие берудегі жетістіктері үшін" деп аталатын құрмет грамотасымен марапатталған.

.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG