26 шілдеде Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белгілі марафоншы әрі азаматтық белсенді Марат Жыланбаевтың полицияға қатысты түсірген шағымын ішінара қанағаттандырды. Бірақ марафоншыға салынған айыппұлды өзгертпеді.
"Сот Жыланбаевтың полиция хаттамасына шағымын қарап “полиция менің құқығымды түсіндірмеді, хаттама көшірмесін бермеді, адвокатпен қамтамасыз етпеді” деген ескертулеріне қатысты хаттама толтырған полиция қызметкеріне бөлек ұйғарым шығарады. Бұдан бөлек сот полиция департаментіне видео жазбаның болмауына қатысты да хат жолдайды. Ал Жыланбаевтың шағымындағы басқа талаптары қанағаттандырылмайды" деді істі қараған судья Бауыржан Ахметқалиев.
10 шілдеде полиция Жыланбаевтың үстінен "Қазақстан заңында белгiленген тәртiппен тiркелмеген я қызметi тоқтатылған не қызметіне тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (Әкімшілік кодекстің 489-бабы 10-тармағы) деп хаттама толтырып, 153 мың теңге айыппұл салған. Полиция Жыланбаев елде тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының ақпараттық парақшасын таратқаны үшін жазаға тартқан еді. Марафоншы 13 шілдеде осы хаттамаға қарсы шағым түсіріп, полиция бөлімшесін сотқа берген.
Бұған қоса Нұр-Сұлтан полициясы Жыланбаевты 17 және 24 шілдеде ұстап, тағы сол баппен айыппұл салған. Марафоншы қазір 306 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс, бірақ ол бұл жазамен келіспейді.
Шілдеде Нұр-Сұлтанда және Қазақстанның өзге қалаларында тіркелмеген "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын қолдауға үндеген парақшалар таратқан белсенділер ұсталып, айыппұл алған. Нұр-Сұлтанда полиция Жыланбаевтан өзге Ғалия Тамабаева, Мереке Нұғыманов, Айжан Ақышева, Алмаз Матаев, Аманкелді Джахин, Аужан Аязбаева, Венера Жанбаева, Нұргүл Жүсіпованың әрқайсысына 153 мың теңге айыппұл салған. Оларға да "Қазақстан заңында белгiленген тәртiппен тiркелмеген я қызметi тоқтатылған не қызметіне тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айып тағылған.
Екібастұз қаласының соты "Алға Қазақстанның" үгіт-насихатын жүргізген екібастұздық белсенді Жанат Жамалиевті 24 шілдеде екі тәулікке қамауға алған. Оған соттың бұрын шығарған үкімін орындамады деген айып таққан. Жамалиев 2021 жылы 4 маусымда “тыйым салынған ҚДТ жұмысына қатысты” (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталып, бір жылға бас бостандығы шектелген. Сот оған үш жылға дейін қоғамдық жұмыстармен айналысуға, әлеуметтік желілерге жазба жариялауға жазуға тыйым салған еді.
Қазақстанда оппозициялық партия құрғысы келетін ұйымдардың белсенділері жиі қысымға ұшырайды. Елде экстремистік ұйым деп танылған ҚДТ және "Көше партияларының" белсенділерінің көбі қамалып, тағы бір тобының бас бостандығы шектелген. Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысы мен осы ұйыммен байланысы бар "Көше партиясын" Еуропарламент резолюциясында "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.
Бұдан бөлек оппозициялық белсенді Жанболат Мамай бастаған бастамашыл топ "Қазақстанның демократиялық партиясын" тірке алмай жүр. Мамайдың өзі бірнеше айыппен ақпаннан бері қамауда отыр. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен Мамайды қамаудан босатуды сұраған.
ПІКІРЛЕР