Сәрсенбі күні АҚШ-та республикашылдар мен демократтардың бірнеше өкілі центристік бағыттағы жаңа партия құрғанын мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.
Жаңадан құрылған "Алға" (Forward) партиясына Нью-Джерси губернаторы бұрынғы республикашыл Кристин Тодд Уитман және бұрын демократтар атынан президенттікке үміткер болуға талпынған кәсіпкер Эндрю Янг жетекшілік етеді.
Олар республикашылдар мен демократтардан көңілі қалған америкалықтарға балама партия ұсынғысы келетінін айтады. Әзірге партияның бағдарламасы жоқ, бірақ ұйымдастырушылар оның центристік бағытта болатынын айтады. Негізгі мақсаты – "әділ, гүлденген экономика құру" және "америкалықтарға сайлау кезінде көбірек кандидат ұсыну, мемлекеттің болашағына қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдауда халық үнін көбірек жеткізу".
Жаңа партия бірнеше жыл бұрын республикашылдар мен демократтар құрған қоғамдық қозғалыстар негізінде құрылған. Олардың ойынша, жаңа партияның болашағы зор, себебі елдегі үш азаматтың екеуі елге үшінші партия керек деп санайды.
Жаңа партия өкілдері 2024 жылғы президент сайлауына дейін саяси ұйымды барлық штатта тіркеліп, президенттікке кандидатын ұсына аламыз деп үміттенеді. Олар жергілікті сайлауларға да қатысуды жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін АҚШ-та үшінші партия құру талпыныстарының барлығы сәтсіз аяқталған. 1995 жылы миллиардар Росс Перо реформа партиясын құрып, президент сайлауында сайлаушылардың он пайыз дауысын алған.
Reuters-тің жазуынша, кейбір саясаткер-демократтар жаңа партия құру идеясын сынап, саяси ұйымды республикалықтарға жеңіс әперуге көмектесуі мүмкін деп қауіптенген.