Accessibility links

Сарапшы: Путин режиміне тықыр таянды


Ресей президенті Владимир Путин Украинаға әскер кіргізгеннен бірнеше аптадан соң қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесіп отыр.
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға әскер кіргізгеннен бірнеше аптадан соң қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесіп отыр.

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға басып кіру туралы шешімі ақыр соңы оның өз режимін құрдымға кетіруі мүмкін. Ресей жөніндегі сарапшы Ивер Нойманн Азаттыққа сұхбатында осындай тұжырым жасайды.  

24 ақпанда Владимир Путин Украинаға басқыншылық жасауға бұйрық берген соң, Ресей әлемнен оқшауланып қалды.

Батыс Ресейді жазалап, Мәскеудің әскери әрекеттерін қаржыландыруға кедергі келтіру үшін санкциялар салды.

Ресей экспортының көшін бастап тұрған мұнай мен газдың қымбаттауы қазіргі операциялар есебінің сальдосына оң ықпал еткенімен, экономика құлдырап барады. Елдің болашағы да бұлыңғыр сияқты.

Халықаралық қаржы институты биыл Ресей экономикасы 15 пайыз, 2023 жылы 3 пайыз кішірейеді деп болжады.

Батыс санкциялары, компаниялардың елден кетуі, азаматтардың шетелге көшуі, экспорттағы коллапс он бес жылдағы экономикалық жетістіктерге кері әсер етеді дейді жаһандық банк индустриясының лоббистер тобы.

Профессор Ивер Нойманн
Профессор Ивер Нойманн

Бұл Путиннің билігі әлсірейді деген болжамға итермелеп отыр дейді сарапшылар. Олардың қатарында Норвегиядағы Фритьоф Нансен атындағы институт директоры, Ресей жөніндегі сарапшы Ивер Нойманн бар.

Ол Путиннің ел экономикасын реформалаудан бас тартуы, Украинаға басқыншылығы оның режимінің құлауына алғышарт жасады дейді. Сарапшы сөзінше, Путин режимінің қашан құлайтынын нақты болжау қиын.

"Путин 22 жыл бұрын билікке келді, содан бері экономикада өзгеріс болмады деуге болады. Путин секілді тәжірибелі марксист материалдық факторлардың қаншалық маңызды екенін түсінбейтініне таң қаламын" деді "Ресей және Еуропа идеясы" (Russia And The Idea Of Europe) кітабының авторы Нойманн Азаттыққа берген сұхбатында.

"Путин: "Батыстың өз экономикасы, ал біздің өз ерік-жігеріміз болады. Дегенімізге жетеміз" деді. Бірақ олай болмайды. Сондықтан бұл Путин режимі күйреуінің басы деп ойлаймын" деді Нойманн. Қандай мұра қалдыратыны туралы ой Путинді Украинаға басқыншылық жасауға итермелеген болуы мүмкін дейді сарапшы.

Бәлкім, Ресей патшаларының ізімен жүргісі келген Путин "орыс жерлерін қайта жинағысы" келген болар дейді ол.

9 маусымда Путин І Петрдің 350 жылдығын атап өтіп, қазіргі оқиғаларды орыс жері қайтарылған сол кезеңмен салыстырды.

"І Петр Солтүстік соғысты 21 жыл жүргізді. Швециямен соғысып, [жерін] тартып алғандай көрінеді. Ештеңе тартып алған жоқ. Ол [Ресейге тиесілі] жерлерді қайтарып алды" деді Путин жиында.

"Басқа да кәрі деспоттар секілді Путин де тарих оқулықтары туралы ойлай бастады. Ал орыс патшалары тарих оқулықтарына қандай атпен енеді? Олар соғыстарда жеңіп, жерлерді басып алады" деді Нойманн.

Путиннен кейін не болатынын болжау қиын, себебі Ресей президенті мен "оның режимі Ресейдегі ұйымдасқан либерал қозғалыстың жұрнағын жоюға бар күшін салды. Мемлекет үшін жаман болғанымен, Путин режимі үшін жақсы" дейді Нойманн.

Оппозиция басшысы, былтыр экстремистік ұйым деп танылып, заң жүзінде тыйым салынған Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі, түрмеде отырған Алексей Навальныйді "Ресейдегі нағыз лидер" деп санайды.

"Ол билікке қарсы шығып, ешбір қоспасыз ашық пікір айтып жүр. Бұл жағынан ол - нағыз орыстың үлгісі. Навальный ерекше әсер қалдырғанымеy, оны талғампаз адам дей алмас едім. Ол мүлде интеллигент емес. Бірақ ол - көзқарастарына сенімді адам әрі жақсы ұйымдастырушы" деді Нойманн.

2020 жылы Навальныйдың ағзасынан у табылып, ол Германияда емделген еді. 2021 жылғы қаңтарда Мәскеуге оралған соң қамауға алынды.

Кейін шартты жаза талабын бұзғаны үшін екі жарым жылға түрмеге қамалды. Сарапшылар Навальныйды қамауға себеп болған "Ив Роше" ісінде саяси астар бар дейді.

Жемқорлыққа қарсы шығып, бедел жинағанына қарамастан, Навальный кейбіреулер ойлағандай Батысты жақтайтын тұлға емес дейді Нойманн.

"Навальный түрмеде отыр, ал оның қозғалысы назар аудартады. Бірақ бұл нағыз батысшыл қозғалыс емес, ол кезінде орыстың ұлтшыл қозғалысы ретінде бастау алған. Навальный маған елдегі өзгерісті жеделдету үшін Ресейді батыстандыру керек деп санаған І Петрдың жас кезі сияқты елестейді".

Бірақ Ресейде Путин құрып, нығайтқан жүйені ескерсек, Навальный сияқты адамдардың билікке келуіне мүмкіндік аз дейді Нойманн.

"Ол үнемі Ресейдің проблемасы жемқорлық екенін, ал қазіргі жүйе ұрылардың режимі екенін, [жемқорлықпен күресетінін] айтып келеді. Бірақ бұл оңай емес, себебі жемқор жүйеде кез келген жаңа билік нық орнығу үшін алдымен ескі ережемен ойнауы керек. Сонда мұндай шырғалаңнан қалай шығу керек?" дейді Нойманн.

Украинадағы соғыс басталғалы алты ай болды. Ресейдің әскери қылмыс пен жауыздық жасап жатқаны жиі айтылып жүр. Нойманн Батыс Мәскеумен келіссөз жүргізу мүмкіндігінен бас тартпауы керек дейді.

"Саяси тұрғыда да, географиялық тұрғыда да Ресей ешқайда кетпейді деп анық айтуға болады. Тұрған жерінде тұрады. Бәлкім, Донбасс жақтағы жері кеңейер, Донбасстан Қырымға дейін жер үстіне жол салар. Бірақ қалай болса да Ресей ол жерде қалады. Болашақта онымен бұл жайлы сөйлесуге тура келеді" дейді Нойманн.

"Дипломатияның негізгі идеясы да осы. Адаммен ерте ме, кеш пе, әйтеуір сөйлесу керек болса, ол әңгімені неге қазір бастамасқа? Сондықтан Ресеймен қандай да бір диалогтың болғаны өте маңызды деп ойлаймын".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG