Accessibility links

Пелоси сапары кезінде Қытайдың әскери жаттығу өткізуінен секем алған Тайвань ұрысқа дайындығын күшейтті


АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға сапары кезінде.
АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға сапары кезінде.

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға сапары кезінде Қытайдың әскери жаттығу өткізуінен секем алған арал билігі ұрысқа дайындығын күшейтті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Пекин бұл сапарды өзінің егемендігіне нұқсан келтіру деп бағалайтынын мәлімдеп, Вашингтонға мұның соңы жақсылыққа апармайтынын ескертті. Америка делегациясы келер қарсаңында қытай әскері Тайвань маңында әскери жаттығу өткізе бастады. Жауынгерлер оқ ату, десант түсіру секілді жаттығулар орындады. Сейсенбі күні Қытай армиясы Тайвань аралын қоршап жатқан теңіздің алты ауданында төрт күндік әскери оқу басталғанын жариялады.

АҚШ Конгресі делегациясы Тайбэйге 2 тамызда кешке келді. Ұшақтан түскен бетте Пелоси "АҚШ Конгрессі делегациясының Тайваньға сапары Американың қарқынды дамып жатқан Тайвань демократиясын мүлтіксіз қолдайтынын білдіреді" деп мәлімдеді.

Пелоси аралда екі кездесу өткізіп үлгерді: Тайвань президенті Цай Инвэнь мен жергілікті парламент вице-спикері Цай Цичанмен жүздесті. Инвэнь Пелосиге үкімет медалін тапсырды.

Қытай 3 тамыздан бастап Тайваньға табиғи құм экспорттауын доғарды, деп хабарлады елдің сауда министрлігі. Мәліметте мұндай шешімнің не себепті қабылданғаны айтылмады.

Табиғи құм шыны, бетон өндірісі, жол және инфрақұрылым нысандары құрылысында пайдаланылады. Тайваньға құмды құрлықтағы Қытайдан жеткізеді.

Бұған қоса, Пекин аралдан цитрус пен балық өнімдерінің екі түрін импорттаудан уақытша бас тартты, деп хабарлады Reuters агенттігі қытай кеденіне сілтеме жасай отырып. Бұның алдында ҚХР кедені үш мыңнан астам тайвань тауарын құрлықтағы Қытайға импорттауды доғарған.

Қытай билігі Тайваньды өз аумағы санайды және онымен қосылғысы келетінін ашық айтады. АҚШ, БҰҰ-дағы елдердің басым бөлігі секілді, Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп есептемейді, бірақ Қытайдың аралды күшпен қосып алу ниетіне қарсы шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG