Accessibility links

Шортандыда көп адам қатысуға ниет білдірген белсендінің соты кейінге қалдырылды


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

3 тамызда Ақмола облысының Шортанды аудандық соты “тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына араласты”, “төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты” деп айыпталған азаматтық белсенді Айя Сәдуақасоваға қозғалған қылмыстық істі қарауды тағы кейінге қалдырды.

Айя Сәдуақасованың соты 20 шілдеде басталған. Адвокаты Мейіржан Досқараевтың айтуынша, сот офлайн өтіп жатыр және сәрсенбідегі процеске оны бақылау үшін жиырмадан астам азаматтық белсенді жиналған.

– Сотты бақылау үшін азаматтық белсенділер көп жиналды. Процесс ашық әрі судья оны түсіру немесе түсірмеу туралы айтпағандықтан, кейбір белсенділер оны видеоға түсіре бастады. Бұл судьяға ұнамады. Заңға сәйкес процесті жүргізуге кедергі келтірген адам болса судья оны залдан шығарып жібере алады. Бірақ ол процесті жабық өткізетінін жариялап, істі кейінге қалдырды, - дейді Мейіржан Досқараев.

Шортанды аудандық соты Азаттыққа процесс ашық түрде офлайн арқылы өте береді деп сендіруге тырысты. Келесі сот 5 тамызға белгіленген.

Полицияның айыптау актісінде Сәдуақасованың Facebook жазбаларында “билікті күшпен басып алуға шақырып, саяси экстремизмге үндегені дәлелденгені” жазылған. Биыл қаңтардың 13 және 18 күндері оның Ақмола облысының Ақкөл ауданы, Қарасай ауылындағы және Степногорск қаласындағы пәтеріне тінту жасалып компьютерлері мен телефонын тәркілеген. Оған “тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты” (405-бап 2-бөлігі) және “көрінеу жалған ақпарат таратты” (274-баптын 4-бөлігінің 2-пункті) деген айыптар тағылған.

Қаңтардан бері үйқамақта отырған Айя Сәдуақасованың өзі айыппен келіспейді. Ол ойын "ашық айтқаны үшін қудаланып отырғанын" жеткізіп, "істің саяси астары барын" айтқан.

52 жастағы Айя Сәдуақасова белсенділігімен танымал. Ол Facebook, Twitter парақшаларында билікті сынап, елдегі азаматтық белсенділердің қудалануына қатысты өткір пікірлерін жиі жазады. Оның соңғы жазбаларының бірі Қаңтар оқиғасына қатысты болған. Онда белсенді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сынаған.

Сәдуақасова белсенділігі үшін бұған дейін де бірнеше рет сотқа тартылып, айыппұл алған. Ол 2020 жылы қазанда "Күш құрылымдарының бассыздығы" мен Қазақстан қылмыстық кодексіндегі 405-бабына ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") қарсылық ретінде шаштарын тақырлап алған белсенді әйелдер челленджін қолдап шашын тақырлап алып тастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG