Accessibility links

Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған 20-дан астам адамның ісі қысқарғаны хабарланды


Қаңтар кезінде азаптауға ұшырадық деген азаматтар Алматы қалалық прокуратура өкілдеріне талаптарын айтып жатыр. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.
Қаңтар кезінде азаптауға ұшырадық деген азаматтар Алматы қалалық прокуратура өкілдеріне талаптарын айтып жатыр. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 20-дан астам адамның ісі қысқарғаны хабарланды.

Ісі қысқарған азаматтардың арасында 28 жастағы Дархан Дүйсебаев та бар. Прокуратураның 1 тамыз күнгі қаулысында Дүйсебаевтың "жаппай тәртіпсіздікке қатысын растайтын дәлелдер табылмағаны" жазылған. Қаулыға Алматының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Қанат Күнғожинов қол қойған.

"Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап,2-бөлігі) бабы бойынша айыпталған Дархан Дүйсебаев қаңтар басында ұсталып, кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылған. Қаңтарда өзге ұсталғандармен бірге ол да азапталған. Прокуратура қаулысында оның денсаулығына ауыр зақым келгені жазылған. Оның денесіндегі оқпен жүргеніне жеті ай болған.

Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, Қаңтар бойынша айыпталған 130 адамның 70-тен астамының ісі қысқаратыны жөнінде бірнеше апта бұрын айтылған. Ал бірнеше күн бұрын 20-дан астам адамның ісі қысқарғаны белгілі болған.

"Мен құқығын қорғап отырған Ермек Әбдірешовтің ісі тоқтатылайын деп жатыр. Кеше ғана Алматы қалалық прокурорының орынбасарының қабылдауында болдық. [Ісі қысқаратындар] Тізімінде бар деді. Қыркүйекке дейін қысқартылады екен. 2 тамызда шамамен 20-дан астам адамның ісі қысқарған" деді Жалғас Сапарханова.

5 тамызда Алматы прокуратурасының өкілі Бауыржан Тілендинов Азаттыққа аталған мәселе бойынша ресми сауал жіберу қажеттігін айтты. Прокуратураның баспасөз қызметі телефон тұтқасын көтермеді.

Бұған дейін Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Саят Әділбекұлына қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен" тоқтатқан еді.

  • 1 тамызда прокуратура өкілдері Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 92 адамға түрме жазасы берілгенін хабарлаған. 1 тамыз күнгі жағдай бойынша, қамауда шамамен 286 күдікті қалған. Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 474 қылмыстық іс сотқа жіберілген, 717 адам сотталған.
  • Қазақстанда азаптауға байланысты қылмыстық істердің сотқа жететін кезі сирек, айыптау үкім шығатын жағдай да өте аз кездеседі. Басым бөлігі "қылмыс құрамы болмағандықтан" немесе "айғақ жетпегендіктен" тергеу кезінде жабылады.
  • Билік Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың аты-жөнін жарияламады және тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы үндеуді қабылдаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG