Accessibility links

"Демпартия" белсендісі Абзал Достияров өзіне "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады


Белсенді Абзал Достияров.
Белсенді Абзал Достияров.

"Демпартия" белсендісі Абзал Достияров өзіне "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-баптың 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Айтуынша, 5 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Алмас Тастанбеков хабарласып, ішкі істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне келу қажеттігін айтқан.

"Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігі өкілдігіне шақырып жатыр. "Қазір келіңіз" деген. Бірақ менде адвокат жоқ. Жанар Балғабаева түрме ішінен шықпаған. Инга Иманбай да сол жақта. Мен полицияға "жол жүріп бара жатырмын, келесі аптаға қалдырайық" десем, "жоқ, болмайды" деп қайта-қайта хабарласып жатыр. "Кез келген уақытта, түн болса түнде де тергей береміз" деді. Қазір Инга Иманбай мен адвокаттың шығуын күтіп отырмын" дейді Абзал Достияров жұма күні кешке қарай Азаттыққа.

Оның сөзіне қарағанда, тергеуші оған қылмыстық іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер екенін айтқан.

"Бірақ олар менің рұқсатымсыз сараптама жүргізген. Тергеушінің айтуынша, 11 эфирге талдау жасаған. Арасында Иманғали Тасмағамбетовты сынаған видео да бар екен" деді белсенді.

Ол Facebook парақшасында тергеушімен болған телефон әңгіменің үзіндісін де жариялаған.

"Маған 6 маусымда қолыма хат келіп түсті. Youtube хостингіне мониторинг жасаған кезде көрінеу жалған ақпарат тарату белгілері болуы мүмкін бірқатар бейнежазбалар табылды деген ақпарат келді. Соның негізінде Қылмыстық кодекстің 274-бап 2-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғадым" дейді өзін Алмас Тастанбеков деп таныстырған адам.

Азаттық тілшісі 5 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы полициясының баспасөз қызметіне хабарласқан. Алайда олар "ресми сауал жіберіңіз" деп нақты жауап бере алмайтынын жеткізді. Белсенді жазбасында "тергеуші" деп көрсетілген нөмір де жауап бермеді.

Полиция бұған дейін "Демпартияның" өзге белсендісі, саясаткер Жанболат Мамайдың үстінен де бірнеше бап бойынша (арасында "Жалған ақпарат тарату" бабы да бап) қылмыстық іс қозғап, тергеу изоляторына қамаған. Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.

Билікті өткір сынап жүрген тіркелмеген партия өкілдері биліктің қысымы жайлы жиі мәлімдеп, шағымданады. Олар бұған дейін түрлі баптар бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG