Accessibility links

Шортанды соты азаматтық белсендіні сот залынан қамауға алу туралы шешім шығарды


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

5 тамызда Ақмола облысы Шортанды аудандық соты тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына араласты”, “төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты” деп айыпталған азаматтық белсенді Айя Сәдуақасованың үйқамақ шарасын қамауға өзгертті. Белсендінің сот шешімімен келіспей аштық жариялағаны хабарланды.

Оның адвокаты Мейіржан Досқараевтың айтуынша, 5 тамызда белсендінің сотқа сенімсіздік білдірген арызы қанағаттандырылмаған.

– Біз судья Райхан Оспановаға сенімсіздік білдіріп, ауыстыруды сұрағанбыз. Бірақ арызымызды қанағаттандырмады. Осы талабымыздан соң прокурор бірден оны қамауға алуды сұрап, судья шешім шығарды,- дейді адвокат.

Мейіржан Досқараевтың сөзінше, прокурор сотта жазаны өзгертуге Сәдуақасованың 3 тамыздағы сот процесінен соң тағылған айыптармен келіспейтіндігі, заңсыз деп санайтыны туралы әлеуметтік желіде тараған видеода айтқан пікірі себеп болғанын айтқан.

Шортандыда өткен процеске бір топ азаматтық белсенділер қатысып бақылау жасады. Сотқа куәгер ретінде тартылған азаматтық белсенді Амангелді Жахиннің айтуынша, Айя Сәдуақасова өзін қамауға алу бұлтартпас шарасына келіспей аштық жариялаған.

Азаматтық белсендінің аштық жариялағаны туралы мәліметті нақтылауға мүмкіндік болмады.

Сот отырысы 10 тамызда жалғасатын болады. Жұма күні белсендіні сот залынан бірден алып кетті.

Айя Сәдуақасованың соты 20 шілдеден бері жалғасып жатыр. Ол сот санкциясымен 13 қаңтардан бері үйқамақта отырған.

Сотта оқылған айыптау актісінде Айя Сәдуақасованың тәркіленген компьютерлерін тексеру барысында оның сотпен экстремистік деп танылған тіркелмеген “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының белсенді мүшесі, "Көше" партиясын құруға атсалысқанын көрсететін айғақтар табылғаны айтылған (Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі). Ал азаматтық белсендінің Қаңтар оқиғасынан соң билікті айыптап, митингке қатысушыларды қудалауды, азаптауды тоқтатуды талап еткен әлеуметтік желілерде аудио хабарламасын “көрінеу жалған ақпарат таратты” (Қылмыстық кодекстің 274-баптын 4-бөлігінің 2-пункті) деген айыптың дәлелі ретінде келтірген.

Қазақстан билігі оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен “Көше партиясын” бір ұйым деп танып, екеуін де экстремистік деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG