Accessibility links

Путин мен Ердоған Сочиде кездесті. Олар экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға келісті


Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 5 тамыз 2022 жыл.
Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 5 тамыз 2022 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Ердоған Сочиде кездесті. Келіссөз нәтижесінде Ресей астығын экспорттау, энергетика саласында әріптестік орнату, сауда айналымын ұлғайту, сонымен бірге Сирияны қолдау мәселесі бойынша келісімге келді.

Келіссөз күн тәртібінде Украинадағы жағдайға басымдық беріледі деп айтылған. Украина астығын Қара теңіз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру ісіне БҰҰ-мен бірге Түркия басшысы да күш салған. Ердоған Сочиге осы "дипломатиялық табысынан" кейін келіп отыр. Ресейдің Украинаға басқыншылығының жалғасып жатқанына алты ай болды.

Төрт сағаттан астам уақытқа созылған келіссөз соңында қабылданған ортақ мәлімдемеде Украина мәселесі қамтылмаған. Ақпаратқа қарағанда, Ресей мен Түркия басшылары Ресей астығын тосқауылсыз тасымалдауды қамтамасыз ету және Стамбул келісімінің шарттарын толық орындау қажеттілігін атап өткен. Мемлекет басшылары сонымен бірге Сирия мен Ливияда саяси біртұтастықты қолдау маңыздылығын атап өткен. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі келесі кездесу Түркияда өтетін болды.

Ресей вице-премьері Александр Новактың айтуынша, мемлекеттер Ресей газын ішінара рубльмен есептесуге де уағдаласқан. Путин мен Ердоған "Түрік ағыс" газ құбырының жұмысы мен "Аккуй" атом электр станциясының құрылыс барысын талқылаған. "Аккуй" АЭС-ін "Росатом" Ресей жобасы бойынша салады. Тараптар алғашқы реакторды 2023 жылы іске қосуды жоспарлап отыр.

Новактың айтуынша, Ресей мен Түркия қаржы-қаражат қатынасын дамыту мәселесін де талқылаған.

Владимир Путин Режеп Ердоғанға украин астығын экспорттау мәселесін реттеу және Ресей азық-түлігі мен тыңайтқыштарын халықаралық нарыққа тасымалдау мәселесіне қатысты келісімге қол қоюға көмектескені үшін алғыс білдірген.

The Washington Post жазуынша, Ресей билігі Түркиядан батыс санкциясын айналып өту мәселесінде көмек сұраған. Мұндай мәліметті мақала авторының жазуынша, украин барлау қызметі тапқан. Барлау дерегінше, Ресей Түркияны ресейліктерге мұнай өңдейтін зауыттарынан үлес сатып алуға рұқсат беруге үндеген. Бұл оларға Еуроодақтың мұнай эмбаргосын айналып өтуге және мемлекеттік түрік банктерінен Ресейдің ірі қаржы құрылымдарына арналған есепшот ашуға мүмкіндік береді.

XS
SM
MD
LG