Accessibility links

Еуроодақ Ресей газына тәуелді болмай өмір сүре ала ма?


Мәскеудегі жанармай станцияларының бірінде ілулі тұрған ресейлік "Газпром" компаниясының белгісі. Мәскеу, 11 шілде 2022 жыл.

Ресейден Германияға газ айдайтын "Солтүстік ағын-1" құбыр желісінің жұмысы техникалық себептермен он күнге тоқтап, енді қайта іске қосылды. Бірақ құбырмен жіберілетін газ бұрынғы көлемінен аз. Еуропадағы энергетика дағдарысы жайлы не білу керек? Түсіндіреміз.

Еуропа елдеріне биыл қыста тұрғын үйлер мен өндіріс орындарын жылыту оңайға түспейтін түрі бар. Бұған Ресейдің Еуропаға айдайтын газды азайтуы да әсер етеді. Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин Еуропаға газ жеткізуді қысқартатынын мәлімдеген.

"Солтүстік ағын-1" газ құбыры профилактика мақсатында жабылмас бұрын онымен жеткізілетін газ 60 пайыз азайған еді. Енді құбыр арқылы жөнелтілетін газ көлемі бұрынғы межеге жете қоймайтыны болжанып отыр.

Құбыр жұмысы тоқтатылған кезде Еуроодақ оның қайта іске қосылуы екіталай деп ойлап, Мәскеу оны Украинадағы соғысқа байланысты Батыс елдерімен текетіресте саяси құрал қылып отыр деп мәлімдеген еді.

РЕСЕЙ ЕУРОПАҒА ГАЗ БЕРУДІ ТОҚТАТТЫ МА?

Ресей Еуропаға газ жөнелтуді анағұрлым азайтты. Украинаға басқыншылық жасамай тұрып Ресей қысқа мерзімді спот нарықта газ сатқан жоқ. Ал Еуроодақ Ресей банктері мен компанияларына санкция салып, Украинаға қару-жарақ жібере бастағанда, Ресей алты мемлекетке газ беруді тоқтатып, алты елге жөнелтетін газ көлемін азайтты.

Ресейден Германияға табиғи газ "Солтүстік ағын-1" құбыр желісімен жеткізіледі. Любмин, Германия, 8 наурыз 2022 жыл.
Ресейден Германияға табиғи газ "Солтүстік ағын-1" құбыр желісімен жеткізіледі. Любмин, Германия, 8 наурыз 2022 жыл.

Ресей "Солтүстік ағын-1" газ құбыры арқылы Еуропа бойынша экономикасы бірінші орында тұрған Германияға газ айдауды үштен екіге қысқартты. Ресей Канадаға жөндеуге жіберілген газ турбиналарының санкцияларға байланысты қайтарылмай қалуына да осы елді кінәлады. Еуропа лидерлері бұл мәлімдемені жоққа шығарып, мұны Ресейдің энергия тасымалдаушылардың бағасын арттыру үшін және екіұшты ой қалыптастыру үшін жасап отырған саяси қадамы деп атады.

Бұл Еуроодақтың 27 мүшесін қысқа дейін газ қорын толтырып алуға итермелеп отыр. Қазір ондағы газ қоры – 65 пайыз. Одақ 1 қарашаға дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізбек.

РЕСЕЙ ГАЗЫ НЕГЕ СОНША МАҢЫЗДЫ?

Соғысқа дейін Ресей газы Еуроодаққа келетін барлық газдың шамамен 40 пайызына тең болатын. Бұл көрсеткіштің 15 пайызға дейін төмендегені бағаның өсіп, энергия жұмсайтын салаларға түскен жүкті ауырлатты.

Ресей президенті Владимир Путин. Архивтегі сурет.
Ресей президенті Владимир Путин. Архивтегі сурет.

Еуропада газды өте көп салада пайдаланады. Оның ішінде автокөлік өндірісі, шыны бөтелке шығару, сүт өңдеу, ірімшік өндіру секілді салаларда да қолданылатыны ешкімнің ойына да кіріп-шықпауы мүмкін.

Компаниялар жылуға пайдаланылатын газды аз уақытта мазут немесе электр жарығы секілді басқа энергия көздерімен алмастыру қиын дейді. Кей жағдайда құрамында балқытылған металл немесе шыны бар құрал-жабдық жылу сөнгенде істен шығып жатады.

Инфляция рекордты деңгейге жеткендіктен, энергия көзі ретінде пайдаланылатын отын түрлерінің қымбаттауы рецессия тудыруы ықтимал. Мұндай инфляция кезінде халық азық-түлік, отын мен коммуналды қызмет ақысы өсетіндіктен, көп ақша жұмсауға мәжбүр болады. Газдан толықтай бас тарту онсыз да шытынап тұрған экономикаға кесірін тигізуі мүмкін.

"СОЛТҮСТІК АҒЫН-1" ДЕГЕН НЕ?

Бұл – Ресейден Балтық теңізінің түбі арқылы Германияға дейін созылған газ құбыры желісі және Ресей газын Германияға жеткізудің негізгі жолы.

Германиядағы реттеуші компанияның басшысы Клаус Мюллер бейсенбі күні құбырмен жеткізілетін газ мөлшері 40 пайызға жетуі мүмкін деп жазды Twitter-де.

"Солтүстік ағын-1" құбыры аз мөлшерде газ тасымалдайтындай іске қосылған күннің өзінде, Еуропаға қысқа дейін қорды толтыру үшін 12 миллиард текше метр газ үнемдеуге тура келеді.

Ресейден Германияға табиғи газ жеткізетін "Солтүстік ағын" (тұтас қызыл жолақ) және "Солтүстік ағын - 2" газ құбыры желілері көрсетілген карта.
Ресейден Германияға табиғи газ жеткізетін "Солтүстік ағын" (тұтас қызыл жолақ) және "Солтүстік ағын - 2" газ құбыры желілері көрсетілген карта.

Ресей газы Еуропаға тағы үш газ құбыры арқылы жеткізіледі. Польша мен Беларусь арқылы өтетін құбыр қазір жабық тұр. Украина мен Словакия арқылы өтетін тағы бір газ құбыры әскери әрекеттерге қарамастан аз да болса газ жеткізіп жатыр. Тағы бір құбыр Түркия аумағы арқылы өтеді.

Сондай-ақ Еуропаға газ Норвегиядан, Солтүстік Африка мен Әзербайжаннан жеткізіледі.

ПУТИННІҢ ОЙЫНЫ МА?

Ресей мұнай мен газ экспорттауды азайтқанымен, бағаның өскені Путиннің табысы артқанын көрсетеді дейді Халықаралық энергетика агенттігі.

Агенттік Украинаға басқыншылық басталғалы Ресейдің Еуропаға мұнай мен газ экспорттаудан түскен табысы кейінгі жылдардағы орташа көрсеткіштен асып, 95 миллиард долларға жетті дейді.

Кейінгі бес айда Ресейдің энергия көзі ретінде пайдаланылатын энергия көзі ретінде пайдаланылатын отын түрлерін сатудан түскен табысы газ экспорттаудан түсетін қаражатқа қарағанда үш есе көп болды.

Осылайша ақшасы бар Путин коммуналды қызмет бағасының шарықтауы мен энергетика саласындағы құлдырау Еуропа халқының Украинаны қолдауына кері әсер етіп, Мәскеудің пайдасына келіссөз жүргізу құлшынысын арттырады деп ойлаған болуы мүмкін.

"Кейінгі бір жылда көргендерімізге қарап, Ресей саяси беделге қол жеткізу үшін Еуропаға газ экспорттаудан түсетін табыстан бас тартуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды" деді Халықаралық энергетика агенттігінің атқарушы директоры Фатих Бирол.

Газ турбинасын шығаратын Siemens зауытында тұрған жұмысшы. Берлин, Германия, 2 наурыз 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Газ турбинасын шығаратын Siemens зауытында тұрған жұмысшы. Берлин, Германия, 2 наурыз 2017 жыл. Көрнекі сурет.

Сейсенбі күні Путин Канадаға жіберілген турбина шілденің аяғына дейін қайтарылмаса, жіберілетін газ көлемін тағы да қысқартатынын мәлімдеді. Сол уақытта тағы бір турбина техникалық себептермен тоқтатылады. Канада компрессорлы станцияны жабдықтап отырған турбинаны қайтаратынын айтты.

"Серіктестеріміз жіберілген қате үшін Ресей мен "Газпромды" кінәлауға тырысып жатыр, бірақ бұған мүлдем негіз жоқ" деді Путин.

ЕУРОПА НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Еуроодақ АҚШ пен Қатардан кемемен жеткізілетін сұйылтылған табиғи газ пайдалана бастады. Ал Германия сұйылтылған табиғи газ қабылдауға арналған терминалдың құрылысын тезірек аяқтауға тырысып жатыр, бірақ оған біршама уақыт кетеді. Судағы терминалдардың біреуі биыл пайдалануға берілуі керек еді.

Бірақ сұйылтылған табиғи газ мұның орнын толтыра алмайды. Ал АҚШ-тың Техас штатындағы Фрипорт терминалындағы жарылыс салдарынан бір түнде Еуропаға жеткізілетін газ көлемінің 2,5 пайызы тоқтады.

Энергияның басқа да көздерінің маңызы зор. Мысалы, Германия көмір жағатын электр станцияларын ұзағырақ пайдалана алады.

"Солтүстік ағын" құбыр желісі арқылы газ айдайтын "Портовая" компрессор станциясы. Ленинград облысы, Ресей.
"Солтүстік ағын" құбыр желісі арқылы газ айдайтын "Портовая" компрессор станциясы. Ленинград облысы, Ресей.

Сәрсенбі күні Еуропа одағы мүше мемлекеттерге алдағы айларда газ қолдануды ерікті түрде 15 пайыз азайтуды ұсынды. Еурокомиссия газ жетіспей қалып, сұраныс артатын болса, блок бойынша газ көлемін қысқартуды міндеттеуге қол жеткізуге тырысып жатыр.

Еуроодаққа мүше мемлекеттер бұл шараларды биыл 26 шілдеде өтетін энергетика министрлерінің жиынында талқылайды.

Мемлекеттер балама энергия көздерін табуға барынша тырысып жатыр. Осы аптада Италия, Франция, Еуроодақ осы мақсатта Алжир, Әзербайжан, БАӘ елдерімен келісім жасады.

ХАЛЫҚ ҚЫСТА ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛА МА?

Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалардың қыста жылусыз қалуы екіталай, себебі билік алдымен осы мекемелердің жағдайын реттейді. Германия үкіметі газ жеткізушілерге бағаны көтеруге рұқсат беруі мүмкін.

Халықаралық энергетика агенттігі Еуропа елдеріне науқан жүргізіп, халықты газды үнемдеуге шақыруды ұсынды.

"Еуропа лидерлері ашулы және тұрақсыз реакция нәтижесінде болуы мүмкін қауіптің алдын алу үшін қазірден барынша дайындалуы керек" деді Бирол. "Бұл қыс Еуропа ынтымақтастығына тарихи сынақ болғалы тұр және оның салдары энергетика саласымен ғана шектелмейді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG