Accessibility links

"Энергоатом" Запорожье АЭС-індегі бір блоктың істемей қалғанын хабарлады


Запорожье АЭС-і.
Запорожье АЭС-і.

Украинаның "Энергоатом" компаниясы Запорожье АЭС-індегі үш энергоблоктың бірінің істемей қалғанын хабарлады.

"Запорожье АЭС-іне шабуылдың салдарынан энергоблоктардың бірінде апаттық қорғаныс режимі іске қосылып, жұмыс істеп тұрған үш энергоблоктың бірі өшіп қалды" деп хабарлады компания 6 тамызда таңертең.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак станциядағы оқиғаны Ресей ұйымдастырған "ядролық терроризм" деп атады.

Жуырда Запорожье АЭС-і атқылауға ұшырап, жоғары вольтты байланыс бағандарының біріне снаряд құлаған. Кейін компания "Луч" электр станциясының бүлінгенін, жеті ықшам ауданның алтауы жарықсыз қалғанын хабарлаған.

"Энергоатомның" хабарлауынша, екінші атқылау кезінде ядролық реактор орналасқан энергоблоктардың маңы бүлінген. Компания радиоактивті заттар тарауы мүмкін екенін ескертті.

Ресей Украинаны нысанға шабуыл жасады деп айыптады. Соғысты зерттеу институты атом электр станциясын кім атқылағанын анықтау әзірге мүмкін болмай тұрғанын хабарлады.

Запорожье атом электр станциясындағы дереккөздердің бірі Insider басылымына 2 тамызға түсірілген видео жіберген. Онда Ресей әскерінің жүк көліктері АЭС аумағына кіріп, қандай да бір жүк тиеп жатқаны көрінеді. Дереккөздің айтуынша, машина залы миналанған. Өзге ақпарат бойынша, станция маңына миналар қойылған.

3 тамызда Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Рафаэль Гросси Ресей басып алған аумақта орналасқан Запорожье АЭС-інің жағдайына алаңдаушылық білдірген. Гроссидің айтуынша, станцияда қауіпсіздік хаттамалары жаппай бұзылып жатыр.

XS
SM
MD
LG