Accessibility links

Бас прокуратура: Алматы облысының полиция департаментіне қамалғандарға үтік басқандарды тергеу аяқталды


Қаңтар оқиғасы кезінде полиция азаптап, денесіне үтік басқан Талдықорған тұрғыны Азамат Батырбаев
Қаңтар оқиғасы кезінде полиция азаптап, денесіне үтік басқан Талдықорған тұрғыны Азамат Батырбаев

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы облыстық полиция департаментіне қамалғандарға үтік басып, азаптаған қызметкерлерді тергеу аяқталған. Бұл жөнінде Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

"Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерлерінің 2022 жылғы 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматты азаптағаны дәлелденді",- деп жазады Бас прокуратураның баспасөз қызметкері.

Бұған дейін, 20 маусымда Бас прокуратура "Алматы облысындағы тергеу кезінде ыстық үтікпен азапталғандар ісі бойынша 25 адам зардап шегуші ретінде танылғанын" мәлімдеген еді.

Бас прокуратура бүгін таратқан мәліметке қарағанда, Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша полицияның 5 қызметкері "күдікті" деп танылған. Оның үшеуі - криминалдық полиция басқармасының қызметкері, біреуі - әкімшілік полиция басқармасының инспекторы және біреуі арнайы жасақ қызметкері.

"2022 жылғы 4 тамызда қылмыстық іс сотқа жолданды. Азаптауды басқа да фактілері бойынша тергеу аяқталуға жақын" дейді бас прокуратура.

Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 238 адам өлген. Оның алтауын құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаптап өлтірген. Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова 1 шілдедегі брифингте "Көктемде (14 наурызда) мен сегіз адамның (азаптау салдарынан) қаза тапқанын айтқанмын. Оның алтауы азаптау салдарынан мерт болғанын бас прокуратура растады" деген.

Оның сөзінше, тағы екі адам "денсаулығына байланысты" қаза болған. Бірақ омбудсмен тергеу құпиясына байланысты олардың денсаулығы нашарлауына не себеп болғанын айтпаған.

Бұған дейін бас прокуратура өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің екі қызметкерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған. Олар ұсталған адамды ұрып-соғып, ажалына себеп болған деген күдікке ілінген.

Қазірге дейін азаптау қылмысына күдікті ретінде тоғыз қызметкердің қамауда отырғаны белгілі. Оның сегізі ҰҚК қызметкері және біреуі полиция өкілі. Адам азаптаған және тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған деген күдікке ілінгендердің жалпы саны - 15 адам. Ал азапталғандардың жалпы саны туралы ресми дерек жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG