Accessibility links

Алматы блогері журналист Махамбет Әбжанға бостандық сұрап, пикетке шықты


Журналист Махамбет Әбжан

Алматыда блогер Нұрәлі Әйтеленов кейінгі бірнеше күнде билік рұқсатымен жалғыз адам пикетіне шығып, астаналық журналист Махамбет Әбжанды бостандыққа шығаруды сұрап жүр деп хабарлайды құқық қорғаушылар. Әйтеленов бұған дейін Facebook парақшасына 5, 8 және 9 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің алдына барып, қамаудағы Әбжановқа қолдау көрсететінін жазған.

Адам құқығы жөнінде халықаралық ұйымның Қазақтан бюросының хабарына қарағанда, Әйтеленов бүгін таңертең сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің алдында екі сағат тұрған және әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан.

Өткен айдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Махамбет Әбжан кәсіпкерден аса ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінді" деп хабарлаған.

Агенттік мәлімдемесінде "Махамбет Әбжан компромат ақпаратын жарияламау үшін жергілікті кәсіпкерден 50 миллион теңге алып жатқанда қолға түсті" деп көрсетілген. Махамбет Әбжанның адвокаты Бауыржан Азанов Махамбеттің бұл айыптауды жоққа шығарып отырғанын хабарлаған.

7 шілдеде "Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін журналисті дереу босатып, баспасөз өкілдеріне қысым жасамауға шақырған. Нью-Йоркте орналасқан бұл халықаралық үкіметтік емес ұйым "бұрын да қызметіне байланысты бірнеше рет қуғындалған сыншыл ұстанымдағы репортерді қамау алаңдататынын" мәлімдеген.

Махамбет Әбжанды қамаған соң жергілікті "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы "жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу аяқталып, сот шешімі шықпай тұрып-ақ журналисті қылмыскер деп көрсеткенін" мәлімдеген.

Қамауға алынғанға дейін Махамбет Әбжан telegram-арнасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туысы Қаныш Ізбастиннің "активтері" туралы материал жариялаған. Онда криптовалюта өндіретін майнинг фирмасы туралы сөз болған. Осыдан кейін журналист жергілікті сайттар мен telegram-арналарда өзіне қарсы "тапсырыспен жазылған посттар" жариялана бастағанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG