Accessibility links

Қазақстанда "саяси тұтқындар" тізіміне Қаңтар оқиғасынан соң істі болған төрт белсенді қосылды


Қаңтар оқиғасынан кейін "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабымен сотталған белсенді Молдабай Сәдібеков "саяси тұтқындар" тізіміне енді.
Қаңтар оқиғасынан кейін "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабымен сотталған белсенді Молдабай Сәдібеков "саяси тұтқындар" тізіміне енді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан соң жауапқа тартылған Молдабай Сәдібеков, Айдар Байсағатов, Абылайхан Бекеев және Азиз Жанатовты "саяси тұтқындар" қатарына қосты. Төрт белсендіні "саяси тұтқындар" тізіміне қосу туралы сарапшылар кеңесінің қорытындысы 3 тамызда шыққан. Бұл туралы Азаттыққа қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

- Біз ұйым ретінде саяси тұтқынның үкімдерден, қылмыстық істің санатына құралған деректерін барлық сарапшыға жібереміз. Ортақ шешім қабылданған соң ол саяси тұтқындар қатарына қосылады. Ол туралы ресми хабарлама жасаймыз және арықарай олардың тағдырын бақылап отырамыз. Егер олар түрмеге жабылса және онда құқықтары шектелсе, оларға заңдық қолдау білдіреміз, шағым жазуға көмектесіп, қолдап отырамыз, - дейді Төреғожина.

"Саяси тұтқындар" қатарына енген шымкенттік Молдабай Сәдібеков 6 маусымда сот үкімімен "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен үш жылға сотталған. 27 жастағы ақтөбелік белсенді Абылайхан Бекеевке де осы айып тағылып, қамауға алынған; оған қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ал Айдар Байсағатовты 24 маусымда Өскемен қаласының №2 соты "билік өкіліне күш қолданды" деген айыппен 1 жыл 4 айға бас бостандығынан айырған.

18 жастағы Азиз Жолатов 6 қаңтарда анасымен бірге ұсталып, "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады" деген күдікпен қамуға алынған. Жолатов ұстау кезінде қатты соққыға жығылғанын, өзін ес-түссіз күйде полиция бөліміне жеткізгенін айтқан. Оның арызы бойынша "Азаптау" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Қазір Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп танылған 18 адам бар. Былтырғы жылдың соңында саяси тұтқындар тізімінде 12 адам болған еді.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елде саяси себеппен қудаланатындар саны 11 есе артқан. Қазіргі нақтыланбаған тізімде 140 адамның аты-жөні бар. Құқық қорғаушылар бұл дерек әлі де толығады деп санайды.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар бар дегенді жоққа шығарады.

  • Биыл қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылық елдің басқа аймақтарында да қолдау тапқан еді. Кейін 5 қаңтарда әлеуметтік мәселе айтылған наразылық соңы қантөгіске ұласып, ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Билік 5 қаңтардан кейінгі оқиғаны "мемлекеттік төңкеріске талпыныс", "бандиттердің ісі" деп мәлімдеді. Бірақ "мемлекеттік төңкеріске талпыныс жасағандарды да", "бандиттерді" де атамады.
  • Қаңтар оқиғасынан кейін ондаған белсенді ұсталып, "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" я "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен істі болып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG