Accessibility links

БҰҰ "Қазақстанның демократиялық таңдауына" байланысты айыпталған белсендінің арызын қабылдады


Белсенді Тимур Ержанұлы.
Белсенді Тимур Ержанұлы.

БҰҰ семейлік белсенді Тимур Ержанұлын "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деп айыптаған сот үкімі мен тіркелмеген “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік" деп тану туралы сот шешімін бұзу туралы арызды қабылдады. Екі арызды да белсендінің өзі жазған.

“Ар.Рух.Хақ” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның Азаттыққа мәлімдеуінше, шағым 2021 жылы жазылған. Арызды дайындауға қазақстандық құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Бақытжан Төреғожинамен бірге америкалық сарапшы Law Vanderbilt University Law School профессоры Michael A. Newton көмектескен.

Төреғожина бұл 2019 жылдан бері Қылмыстық колекстің 405-бабымен сотталғандардың БҰҰ-ға жеткен алғашқы шағымы екенін айтады. Оның сөзінше, осы шағым бойынша қазір БҰҰ тиісті органдармен коммуникацияны бастап та кеткен.

– Тағы да жеті белсендінің шағымы жіберілген, бірақ әлі қабылданған жоқ. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Тимур Ержанұлының “азаматтардың бірлестік құруға, бейбіт шерулерге, жиналыстарға қатысу құқығы” шектелгенін анықтаған. Бұл шағым Қазақстанда әлі бірде-бір саяси партия тіркеуден өте алмай тұрған кезеңмен сәйкес келіп отыр. Тимур Ержанұлы ҚДТ қозғалысын "экстрмистік" деп таныған сот шешімін бұзып, өзін толық ақтауды, өтемақы төлеуді талап етіп отыр, - дейді ол.

Семей қалалық №2 соты 2019 жылдын 28 мамырында “сотпен экстремистік деп танылған ұйымның жұмысына қатысты” (405-бап 2- тармақ Қылмыстық кодекс) деп айыпталған Тимур Ержанұлының бостандығын бір жылға шектеген. Оған азаматтық белсендінің 2019 жылы 27 ақпанда Семейдегі “Нұр Отан” (қазіргі "Аманат") партиясы филиалының кеңсесі алдына шығып, балалар жөргегін көрсетіп “жөргек сияқты президенттерді де жиі ауыстыру керек” деген акциясы себеп болған.

Тимур Ержанұлы Қаңтар оқиғасы кезінде де қамауға алынып, 1 шілдеде сот санкциясымен үйқамаққа шығарылды. Ол “жаппай тәртіпсіздікке қатысты”, “ғимаратқа шабуыл жасады” (Қылмыстық кодекстің 272, 269-баптары) деген күдікке ілінген. Оған қатысты сот процессі әлі өткен жоқ. Анасы оның қамауда болған кезінде азапталғанын айтады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазғанымен әзірге нәтиже жоқ.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын 2018 жылғы наурызда астана соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Кейін 2020 жылы мамырда астананың Есіл аудандық соты бас прокуратураның “ҚДТ атауын өзгертіп, "Көше партиясына" айналды” деген арызын қанағттандырып, "Көше партиясын" да "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салды.

Тіркелмеген ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Белсенділер "Көше партиясы" – ҚДТ-дан бөлек дербес, тәуелсіз ұйым дейді. ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы сот шешімдері еш жерде жарияланған жоқ. Еуропарламент бұл екі ұйымды да "оппозициялық бейбіт қозғалыс" деп атаған.

Құқық қорғаушылардың есебі бойынша, Қазақстанда 150 адам ҚДТ немесе "Көше партиясына" қатысы бар немесе экстремистік топ құрған немесе оған қатысқан деген айыпқа ілініп сотталған. Ал “сотпен тыйым салынған ұйымдардың жұмысына араласқаны” үшін саяси қудалауға ұшырағандар саны 500-ден асады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG