Қорғаныс министрлігі армиядағы жыныстық қорлыққа шағымданған бұрынғы әскери қызметкер Айғаным Елшібаеваның шағымына дәлел болатын айғақтар табылмады деп мәлімдеді. Ведомствоның баспасөз қызметі 12 тамызда осындай ақпарат таратты.
"Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Айғаным Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеді. Комиссияның жан-жақты тексерісінің нәтижесінде арызда көрсетілген фактілер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Министрліктің тұжырымдауынша, батальонның жеке құрамы 54179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекетін "растамаған".
Ведомство шағым берушінің "батальон басшылығы тарабынан бірнеше рет ескерту алғанын" және "әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын"алға тартқан.
Бұрын Алматы облысы Шеңгелді ауылындағы 54179 әскери бөлімшесінде қызмет еткен Айғаным Елшібаеваның арызын бұған дейін "Не молчи" қоры жариялаған еді. Онда ол армияда қызмет етіп жүрген кезінде командирлер тарабынан жыныстық қорлық көргенін айтқан. Ол шағымданғанмен лауазымды тұлғалар тиісті жазаға тартылмағанын айтқан. Елшібаева "Не молчи" қорына түсірген арызында ақыр соңында өзін аттестациядан өткізбей, мерзімінен бұрын босатқанын да жеткізген.
9 тамызда Қазақстан қорғаныс министрлігі әскери қызметкердің шағымына байланысты тексеріс бастағанын хабарлаған еді.
ПІКІРЛЕР