Accessibility links

Соғыс басталғалы бері Ресей азаматтары Грузиядан шамамен 4 мың пәтер сатып алған


Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ресей азаматтары Грузия оның ішінде Тбилиси мен курортты қала Батумиден 4 мыңнан астам пәтер сатып алған. 3200-і шілде айында алынған. Бұл жөнінде жұма күні Михаил Саакашвилидің "Единое национальное движение" партиясы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, алдыңғы айлармен салыстырғанда Грузияға Ресей азаматтары шілде айында көбірек (150 мың адам) келген. Қаңтар айынан бері қысқа немесе ұзақ мерзімге келген ресейліктер қатары 350 мыңнан асқан.

Партия мәліметі бойынша, 16 480 Ресей азаматы Грузияда уақытша тұруға ықтиярхат алған. Мәселе жылжымайтын мүлік сатып алған азаматтар туралы болып отыр деп топшылайды партия өкілдері. Грузия заңнамасы бойынша жылжымайтын мүлік сатып алу адамға сол елде тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Transparency International Georgia ұйымы есеп жариялап, соңғы жарты жылда Ресейден Грузияға 700 млн доллардан астам қаражат аударылғанын хабарлаған. Бұл былтыр бір жыл ішінде аударылған сомадан көп. Ақша аударымы Грузияға көп ресейліктің қоныс аударуымен байланысты екені айтылады. Жарты жыл ішінде Грузияда Ресей азаматтары 6400-ден астам компания тіркеген.

Саакашвили партиясы басқарушы "Грузин арманы" партиясын "орыстардың күмәнді көшіне" шара қолдануға үндеген. Партия өкілдері Ресей азаматтарына пәтер сатып алуға, виза режимін енгізуге тыйым салуды және шекара бекетінде Грузия мен Украинаның территориялық тұтастығын мойындайтыны жайлы анкета толтыруға міндеттеуді талап етіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG