Accessibility links

Нью-Йоркте британ жазушысы Салман Рушдиді пышақтап кетті


Жұрт жараланған жазушы Салман Рушдиге көмектесіп жатыр. Нью-Йорк, 12 тамыз 2022 жыл.
Жұрт жараланған жазушы Салман Рушдиге көмектесіп жатыр. Нью-Йорк, 12 тамыз 2022 жыл.

Нью-Йоркте британ жазушысы Салман Рушдиге шабуыл жасалды. Жұма күні жазушы лекциясын бастайын деп жатқанда шабуылдаушы жүгіріп келіп, жазушыны пышақтаған.

Рушди тікұшақпен ауруханаға жеткізілген. Батыс ақпарат құралдары Нью-Йорк полициясына сүйене отырып, жазушының мойнынан жараланғанын хабарлады. "Ол тірі, қажетті көмек көрсетіліп жатыр" деп Reuters агенттігі Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хоклтың сөзін келтіреді.

Полиция шабуылға күдіктінің аты-жөнін анықтаған. Оның аты-жөні Хади Матар, 24 жаста, Нью-Джерсиде тұрады. Ол оқиға орнында ұсталған. Полицейлер Матар жалғыз өзі әрекет етті деп санайды.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Твиттерде "Қазір жазушының жақындарымен біргемін. Бәрі жақсы болады деп сенеміз" деп жазды.

75 жастағы Салман Рушди Үндістанда туған. 1988 жылы жарық көрген жазушының "Сайтан өлеңдері" романын көп мұсылман "құдайға тіл тигізу", "Мұхаммед пайғамбарды қорлау" деп қабылдаған. Иранда романды басып шығаруға тыйым салынып, 1989 жылы сол кездегі басшы аятолла Хомейни жазушыны өлім жазасына тартуға үндейтін пәтуа шығарған. Рушдиді өлтірген адамға 3 млн доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.

Рушди өміріне төнген қауіптің салдарынан Ұлыбритания мен Иран 1989 жылы наурызда дипломатиялық қатынасты үзді. Содан бері Рушди полиция қорғауында өмір сүріп келеді. 9 жылдан сон Лондонмен қарым-қатынасын қалпына келтірген Тегеран пәтуаның күшін жоймайтынын, орындамайтынын да білдірді. Тегеранның түсіндіруінше, пәтуаның күшін 1989 жылы маусымда қайтыс болған аятолла Хомейнидің өзі жоя алады.

Рушди шығармаларында қазіргі замандағы ислам діні, мұсылмандар мен эмигранттардың өзін-өзі тану мәселесін қозғаған. Жазушы 2000 жылдан бері АҚШ-та тұрып келеді.

XS
SM
MD
LG