Accessibility links

Польшада химикатпен қатты ластанған өзенде балықтар жаппай қырылды


Одер өзеніндегі қырылған балықтар. Тамыз айы, 2022 жыл.
Одер өзеніндегі қырылған балықтар. Тамыз айы, 2022 жыл.

Польшадан Германияға ағатын Одер өзені химикатпен қатты ластанып, балықтар жаппай қырылды. Алғашқы жүргізілген сынақ өзенде сынап нитратының мөлшерден асып кеткенін көрсеткен. Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий өзенге химикаттар қасақана тасталған деп санайды.

Өзеннің ластанып, балықтардың қырылып жатқаны жайлы хабар алғаш екі апта бұрын түскен. Бірақ Польша билігі экологиялық апат болғанын тек 12 тамызда мойындады. Су ресурстары басқармасының жетекшісі Пшемыслав Дацтың сөзіне қарағанда, Одерден 10 тонна өлі балық сүзіп алынған. Одердің Германиядағы бөлігінде балықтармен қатар жануарлар, оның ішінде құндыздар да қырылған. Германияның Зелена-Гура қаласында балық аулауға тыйым салынды, поляк шекарасына жақын Бранденбург аймағында жергілікті тұрғындарға суға жақындамауға және өзен жағасына үй жануарларын жақындатпауға кеңес берілген.

Германия билігі Польшаның өзен ластанғанын ұзақ уақыт айтпағанын сынады: неміс мамандары балықтың қырылғанын көрген кезде бірден дабыл қаққан.

Экологиялық апаттың салдарын жоюға поляк армиясы тартылған. Алайда Матеуш Моравецкий апаттың ауқымдылығы сонша экожүйені қалпына келтіруге жылдар кетуі ықтимал деп болжайды. Премьер-министр кінәлілер жазасыз қалмайды деп мәлімдеді, алайда бірде-бір күдіктіні атамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG