Финляндия НАТО-ға мүше болып кіргеннен кейін Хельсинки мен Таллин Фин шығанағын қорғау үшін күш біріктіреді. Бұл Ресейдің әскери кемелерінің Балтық теңізге шығуына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Эстония қорғаныс министрі Ханно Певкур Iltalehti басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
"Эстон және фин зымырандарының ұшу қашықтығы Фин шығанағы енінен асып түседі" деді Певкур. Оның сөзіне қарағанда, Финляндия қорғаныс министрімен кездесу кезінде қорғаныс саласында күш біріктіру және ақпарат алмасу жайлы ортақ мәмілеге келген.
"Әуе шабуылдарына тойтарыс беретін ортақ жүйе Фин шығанағын Ресей әскери кемелеріне жабуға мүмкіндік береді. "НАТО-ға Финляндия мен Швеция қосылса, Балтық теңізі – НАТО-ның ішкі теңізіне айналады" деді Певкур.
- Ресей Украинаға басып кірген тұста Швеция мен Финляндия бейтараптықтан бас тартып, НАТО-ға кіруге ықылас білдірген. Олардың әскери блокқа қосылуын одаққа мүше 30 елдің барлығы мақұлдауы тиіс, соңғы мәлімет бойынша одаққа жаңа мүше алу туралы келісімді 23 ел ратификациялаған.