Accessibility links

Әкімдік "бақылаушыларды шектейтін заңға" қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің 30 ескертуін мақұлдамады


Митинг өтетін орынды күзетіп тұрған полиция қызметкері. Көрнекі сурет.
Митинг өтетін орынды күзетіп тұрған полиция қызметкері. Көрнекі сурет.

Алматы билігі сайлау туралы заңға ұсынылып отырған түзетулерге қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің 30 ескертуін мақұлдамады. Бұл жөнінде бақылаушыларды аккредитациядан өткізуге қарсы кампания ұйымдастырған Инстаграмдағы Erkin.baiqaushy парақшасы хабарлады.

Ұйымдастырушылар әкімдікке 20 және 21 тамызда Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының арты және Шоқан Уәлиханов алаңы мен Махатма Ганди саябағында таңертеңгі сағат 10.00 мен 20.00 аралығында кез келген уақытта митинг өткізу туралы ескерту жіберген. Қала билігі ескертуді мақұлдамаған.

Ақпаратқа қарағанда, шенеуніктер "Сарыарқа" кинотеатрының артында 20-21 тамыз күндері – жөндеу жұмыстары, ал Уәлиханов алаңы мен Ганди саябағында "мәдени-қоғамдық шаралар" өтетінін алға тартқан. Белсенділер алдағы демалыс күндері аталған үш орынды бақылауды жоспарлап отыр.

"Егер айтарлықтай белсенділік болмаса, конституциялық құқықтарымызды сотта қорғаймыз" деп жазылған Erkin.baiqaushy парақшасында.

17 тамызда Азаттық тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқанда ресми сауал жіберуді өтінді.

Заң жобасы бойынша, сайлауды Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) аккредитациясынан өткен ұйымдар ғана бақылай алады. Аталған түзетуге қарсы кампания бастаған белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз бақылаушылар сайлау науқандарынан шеттетілуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұған қоса, жаңа түзетулерге сәйкес, ОСК-ның аккредитациясын кейінгі бір жылда шетелден қаржы алмаған үкіметтік емес ұйымдар ғана өте алады. Әділет министрлігі мұны "заңнамада бар нормаларды нақтылау" деп түсіндірген.

Бұған дейін қоғам белсенділері де аталған өзгертулерге қарсы шыққан. 24 шілдеде белсенді Данияр Супиев осы түзетулерге қарсы пикет өткізіп, сот "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" белсендіге 150 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Қазақстандағы сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар құқығы жиі бұзылады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау не референдум учаскелеріндегі комиссия мүшелері мен билікшіл бақылаушылар қысымға алады, дауыс санау процесінен аластатады, мөр қойылған хаттама бермейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG