Accessibility links

Бір топ қоғам белсендісі "бақылаушыларды шектейтін" заңға қарсылық білдірді


Солдан оңға қарай: Белсенді Әлнұр Илияшев, оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбай, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы және журналист Ермұрат Бапи. Алматы, 28 шілде 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: Белсенді Әлнұр Илияшев, оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбай, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы және журналист Ермұрат Бапи. Алматы, 28 шілде 2022 жыл.

Бүгін, 28 шілдеде Алматыда бір топ қоғам белсендісі баспасөз жиынын өткізіп, әділет министрлігі сайлау туралы заңға енгізуді ұсынған өзгерістер жобасына қарсылық білдірді. 8 шілдеде талқыға шығарылған заң жобасын тәуелсіз байқаушы ұйымдары «сайлауды еркін бақылау мүмкіндігінен айыратын құжат» деп сынаған.

Жиналғандар жария талқысы бүгін, 28 шілдеде аяқталатын заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қол қоймауға шақырады. Құжат әлі парламентке жіберілген жоқ.

Заң жобасы бойынша, сайлауды Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) аккредитациясынан өткен ұйымдар ғана бақылай алады. Аталған түзетуге қарсы кампания бастаған белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз бақылаушылар сайлау науқандарынан шеттетілуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұған қоса, жаңа түзетулерге сәйкес, ОСК-ның аккредитациясын кейінгі бір жылда шетелден қаржы алмаған үкіметтік емес ұйымдар ғана өте алады. Әділет министрлігі мұны «заңнамада ендігі бар нормаларды нақтылау» деп түсіндірген.

— Аккредитация алу деген қаншалықты қажет? Осы уақытқа дейін тәуелсіз бақылаушылардан қандай да бір зиян болды ма? Қандай да бір кедергі болды ма? Бақылаушыларды аккредитациядан өткізу деген сөз — әділ сайлаудың жолын жабу, — деді «Тәуелсіз бақылаушылар» бірлестігінің Арайлым Назар.

Назардың сөзінше, заң жобасында сайлау не референдумды ұйымдастыру кезіндегі қаржы шығындарының есебін ОСК жарияламайтыны жазылған.

— ОСК-ның сайлауға бюджеттен бөлінген ақшаны қалай жұмсағанын мемлекеттік сатып алу порталынан көре алмаймыз. Сонда бақылаушылар бүкіл банк құпиясын ашып беруі керек те, ал халық, біздер, ОСК-ның шығындарын көре алмаймыз. Бұл әділетсіз. Заң барлығына бірдей болуы керек. Ал бұл заң тек мемлекеттік ұйымдастырушының мүддесіне арналып жасалған, — дейді бақылаушы.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы «көбіне билік партиясына мүше азаматтардан құралатын» сайлау комиссиясы мүшелерінің бақылаушылар бойынша құзыреті күшейгеніне наразы. Азаматтық белсенді, заңгер Әлнұр Ильяшев билікті «азаматтық қоғам және сарапшылармен диалог орнатуға» шақырды.

Жиналғандар сайлау туралы заң жобасына «демократиялық өзгерістер» енгізуді ұсынды. Назардың сөзінше, дауыс беру бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген графа қосу керек, ал дауыс берушілер саны шектік мөлшерге жетпегенде сайлау өтпеді деп тану туралы ережені қайтару қажет. Бұл ұсыныстарын бақылаушы әзірше ресми хат түрінде жолдамаған.

— Назарбаев пен оның жолдастары 30 жыл бойы халықтың дауысын ұрлады. Бір рет те әділ сайлау болған жоқ. Тоқаев мырза президент болып тағайындалғанына үш жыл болды. Үш жыл ішінде демократияға бетбұрыс болған жоқ. Енді, міне, әділет министрлігінің жобасына көнсек, жағдай тіптен нашарлай береді. Билік біздің [заң бойынша] ұсыныстарымызды ескермесе, халыққа үндеу жасаймыз. Сайлауда дауысты ұрлау, бұрмалауды тоқтауы керек, — дейді оппозиция белсендісі Балташ Тұрсымбаев.

Сынға қалған заң жобасы бойынша Азаттық 21 шілдеде әділет министрлігіне сұрау салған. Ведомство жауап бермеді.

Қазақстандағы сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар құқығы жиі бұзылады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау не референдум учаскелеріндегі комиссия мүшелері мен билікшіл бақылаушылар қысымға алады, дауыс санау процесінен аластатады, мөр қойылған хаттама бермейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG