Accessibility links

Алматы әкімдігі тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясына саяси тұтқындар туралы бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді


"Алға Қазақстан " оппозициялық партиясының құжаттарын тіркеуге тапсыруға келген бастамашыл топ. Нұр-Сұлтан, 18 сәуір 2022 жыл.
"Алға Қазақстан " оппозициялық партиясының құжаттарын тіркеуге тапсыруға келген бастамашыл топ. Нұр-Сұлтан, 18 сәуір 2022 жыл.

Алматы қаласы әкімдігі “Алға Қазақстан” оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелеріне саяси қудалау туралы митинг өткізуге рұқсат бермеді. Әкімдік белсенділерге берген жауабында 21 тамызда митинг өткізуді сұраған жерде “қоғамдық-мәдени шара” өтетінін жазған. Бірақ әкімдік қаулыда ол нендей шара екенін түсіндірмеген, қашан басталып, қашан аяқталатынын айтпаған, өтініш иелеріне балама орын да ұсынбаған.

Әкімдіктің жауабын "Белсенділер экстремист емес" құқық қорғау тобы 17 тамызда Facebook парақшасында жариялады. Қаулыға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қол қойған. Хабарламада әкімдік шешіммен келіспеген жағдайда өтініш иелерінің шағым түсіре алатындығын атап өткен.

Бұған дейін тіркелмеген “Алға Қазақстан” оппозициялық партиясының бастамашыл топ мүшелері Әсет Әбішев пен Бибігүл Иманғалиева 12 тамызда Алматы қаласы әкімдігіне “Барлық саяси партияларды тіркеуді талап етеміз. Саяси тұтқындарға бостандық және саяси қуғын-сүргін тоқтатылсын” деген талаппен бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрап арыз түсірген. Митинг өтетін орын ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы алаң деп көрсеткен. Қала әкімдігі 16 тамызда жауап берген.

Бұған дейін Алматы билігі сайлау туралы заңға ұсынылып отырған түзетулерге қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің 30 ескертуін мақұлдамай, дәл осындай жауап жіберген еді. Ұйымдастырушылар әкімдікке 20 және 21 тамызда Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының арты және Шоқан Уәлиханов алаңы мен Махатма Ганди саябағында таңертеңгі сағат 10.00 мен 20.00 аралығында кез келген уақытта митинг өткізу туралы ескерту жіберген. Қала билігі ескертуді мақұлдамаған.

Тіркелмеген “Алға Қазақстан” оппозициялық партиясының Нұр-Сұлтандағы өкілдері де 15 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне 21 тамызда бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұрап, өтініш түсірген, бірақ әлі жауап алмаған.

Ақпаратқа қарағанда, “Алға Қазақстан” оппозициялық партиясын тіркетуге тырысқан бастамашыл топтың ондаған мүшесі шілде айында партияны насихаттайтын үнпарақтар таратқаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, 50 айлық көрсеткіш көлемінде (159 мың теңге немесе 333 доллар) айыппұл алған еді. Полиция оларды "Қазақстан заңында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе оған тыйым салынған қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты" (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 10-тармағы) деп айыптаған. Айыппұл алғандардың бірі белгілі марафоншы Марат Жыланбаев шешіммен келіспей апелляцияға бергенмен сот оның айыппұлын өзгеріссіз қалдырды.

"Белсенділер экстремист емес" құқық қорғау тобының мәліметінше, 2020 жылдың 30 шілдесі мен 2022 жылдың 16 тамызы аралығында мониторинг тобы бейбіт жиын өткізу туралы 280 өтініш қабылданбағанын тіркеген. 70-і биыл тіркелген.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтан елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG