Accessibility links

Павлодар облысында 26 адамға бруцеллез жұққан


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Павлодар облысында 26 адамға бруцеллез жұққан. Барлық жағдайда адамдарға инфекция малдан жұққан, деп жазды Pavlodarnews.kz сайты.

Павлодар облысы санитария-эпидемиология қадағалау департаментінің мәліметі бойынша, былтырмен салыстырғанда биыл бруцеллезге шалдыққандар алты адамға көп. Ауру Павлодар, Екібастұз қалалары, Аққулы, Ақтоғай, Ертіс, Май, Успен аудандарында көбейген.

Бруцеллезге шалдыққандар көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында Қырғызстаннан кейін екінші орында тұр.

Қазақстанда ереже бойынша, мемлекет аусыл, сібір жарасы сияқты өте қауіпті ауруларға қарсы екпелерді ғана қаржыландырады. Мамандар жағдайды заңнама деңгейінде өзгерту қажеттігін алға тартады.

Бруцеллез – адамның қимыл-қозғалыс аппараты, жүйке және өзге ағза мүшелерін зақымдайтын инфекциялық ауру. Инфекция жұққан науқастың дене қызуы көтеріліп, қалтырайды, терлейді, әлсіздік пайда болады. Тәбеті жоғалады. Басы ауырып, ұйқысы қашады. Уақытында емделмесе, созылмалы ауруға айналып, адам мүгедек болып қалуы да мүмкін.

Инфекция тері жарақаты, ауыз, мұрын, көздің шырышты қабаты арқылы жұғуы мүмкін. Мысалы, бруцеллезбен ауыратын малдар тұрған қораны тазалаған шақта инфекция ауаға ұшатын тозаңдар арқылы немесе мал жүні мен терісін тазалаған кезде адамға жұғуы мүмкін.

Мамандар малдарды күтіп-баққан кезде қорғаныш құралдарын (қолғап, респиратор, арнайы киім кию, қолды сабынмен жуу) пайдалануға кеңес береді. Санитар мамандар ет және сүт өнімдерін арнайы белгіленген орындардан сатып алу қажеттігін айтады. Сүт немесе ет алған кезде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарды талап еткен абзал.

XS
SM
MD
LG