Accessibility links

Министрлік: Ұшақ жанармайын өндіретін Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жүргізілсе де жұмысы тоқтамайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қыркүйек-қазан айларында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік жөндеуді "өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптары және жабдықтар мен құбырларды, электр жабдықтарын, технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі және бақылау-өлшеу аспаптарын куәландыру" қажеттігімен байланыстырды.

"Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнайды қос ағынды схема арқылы қайта өңдейді, яғни мұнда нысандар кезекпен тоқтап, іске қосылады" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жөндеу кезінде зауыт жұмысы толық тоқтамайды, 50-70 пайызға істеп тұрады. Атырау мұнай өңдеу зауыты азаматтық авиация ұшақтарын жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді.

17 тамызда ҚазТАГ агенттігі азаматтық авиация комитеті өкілінің қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылады, сол себепті әуежайда қиындықтан туындайды деп мәлімдегенін хабарлаған. Комитет өкілінің айтуынша, мекеме әуежайларға бұл жөнінде ескерткен.

Қазақстанда кейінгі апталарда азаматтық авиацияға қажет отын тапшылығы туралы хабар жиілеген. Бұл авиарейстердің кестесіне де әсер етіп жатыр. Шілде айында энергетика министрлігі азаматтық авиация комитеті, әуе компаниялар мен әуежайларды Павлодар мұнай өңдеу зауытында шілдеде жоспарлы жөндеу жұмыстар жүретіні жайлы ескерткенін хабарлаған.

XS
SM
MD
LG