Accessibility links

Министрлік қандастарды қолдау шаралары туралы айтты


Алматыға Шыңжаңнан ұшып келген қазақ отбасының бір бөлігі. 6 мамыр 2022 жыл.
Алматыға Шыңжаңнан ұшып келген қазақ отбасының бір бөлігі. 6 мамыр 2022 жыл.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанға қоныс аударып, қандас мәртебесін алған азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, "қоныс аударуға және тұрғын үйді жалдау жөніндегі шығыстарды жабуға арналған субсидиялармен қатар қандастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және басқа да жеңілдіктер беріледі".

"Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы үкімет қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді. Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіштен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Бұдан бөлек, қандас мәртебесін алған азаматтар Қазақстан аумағына кірген кезде жеке мақсатта қолданатын мүліктеріне кедендік төлем төлеуден босатылады. Олардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі де бар дейді ведомство өкілдері.

Елде тұрақты тұратын қандастар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.

2022 жылдың 1 тамыз күнгі жағдай бойынша, жыл басынан бері өзге елдерден 9 077 қазақ Қазақстанға оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері шетте жүрген 1 миллион 96,9 мың қазақ тарихи отанына оралған.

Биыл қандастардың көбі Өзбекстаннан (69,9%) келген. 10,3% – Қытайдан, 7,1% – Түркіменстаннан, 4% –Моңғолиядан және 8,7% басқа елдерден келген.

Елде қандас мәртебесі бір жылға дейін жарамды. 2020 жылы мамырда көшi-қон мәселелерi бойынша кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзіліп, бұған дейін "оралман" аталып келген этникалық қазақтар "қандас" деп аталатын болған. Бірақ оралмандар бұл өзгерістер азаматтық алу процедурасын жеңілдетпеді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG