Accessibility links

Тоқаев Путинге: Ынтымақтастығымыздың болашағына пессимистік болжам жасауға негіз жоқ


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин 19 тамызда Сочи қаласында келіссөз жүргізді. Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында екі басшы қазақ-орыс әріптестігінің "өзекті мәселелерін жан-жақты талқылаған".

Қасым-Жомарт Тоқаев екі жақты қарым-қатынастың "қарқынды дамып келе жатқанын" атап өтті.

Қазақстан басшысы сауда-экономика саласында ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын алға тартып, "өнеркәсіп кооперациясы біздің көңілімізден шығатындай елеулі нәтижелерге жетті" деді. Оның сөзіне қарағанда, былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей тауар айналымы жағынан бірінші орында тұр.

Тоқаев қазіргідей "геосаяси жағдайда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне" назар аударды. "Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр" деді ол.

– Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев сонымен бірге Қазақстан биыл ТМД саммитіне төрағалық ететінін айтып, Путинге қарап "оған тіке қатысасыз деп үміттенеміз" деді.

Ал Владимир Путин Тоқаевқа Сочиге шақыруын қабылдағаны үшін алғыс айтты.

– Біз екеуіміз үнемі кездесіп тұрамыз. Жақында ғана жүздескен едік, бірақ Сочиде кездесуге келістік. Алдымызда өте ауқымды жұмыс бар. Ал биыл ерекше жыл. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр, – деді Путин.

Ол ҰҚШҰ аясында Ресей мен Қазақстан бірігіп жаттығу өткізетінін хабарлап, Ресей мен Қазақстан арасында тауар айналымы және инвестиция көлемі артып жатқанын еске салды.

– Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын, – деді Путин.

Соңғы рет Тоқаев пен Путин маусымда Санкт-Петербург экономика форумының пленарлық отырысында кездескен еді.

Осы форумда Тоқаев Путиннің көзінше Қазақстан "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасының" тәуелсіздігін мойындамайды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG