Accessibility links

"Жаңа одақтас іздеген" Тоқаев және Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның "шиеленісі"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин Санкт-Петербург экономика форумында. 17 маусым 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрғанын, Тоқаевтың сыртта жаңа одақтастар іздеп жүргенін жазды. Сонымен қатар Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі мәлімдемесін Ресей мен Батыс ақпарат құралдары неліктен әрқилы талдағанына үңілді. Одан бөлек Қазақстан президенті уәде еткен "Жаңа Қазақстан" шын мәнінде орнай ма деген сұраққа жауап іздеді.

“МӘСКЕУ МЕН НҰР-СҰЛТАННЫҢ ШИЕЛЕНІСІ ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ”

"Ресей Украинаға басып кіргелі бері Нұр-Сұлтан мен Мәскеу қарым-қатынасы нашарлады. Ресейдің доспейіл емес әрекеті мен пікіріне жауап ретінде президент Тоқаев Мәскеуден алшақтауға тырысып жатыр. Осы себепті ол Қытай, Түркия, Иран және Батыспен тығыз қарым-қатынас орнатып, мұнайды Ресейді айналып өтіп экпорттайтын балама жолдар іздестіріп жатыр". АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында жарияланған сарапшы Пол Гоблдың мақаласында осындай ой айтылады.

Сарапшының жазуынша, Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын айтқан соң, екі ел арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетті. "Бірақ ахуал бақылаудан шығып кетпес үшін Тоқаев пен Путиннің режимдері бұл конфликтіні жуып-шаюға тырысты. Дегенмен екі елде де Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасы нашарлай береді, тіпті Ресей әскері Қазақстанға басып кіреді деушілер жоқ емес".

Мақала авторы Тоқаевтың "Қазақстан Мәскеуге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектеспейді" деген мәлімдемесін еске салады. Тоқаев жаңа одақтастар мен мұнай тасымалдау үшін Ресейді айналып өтетін балама жолдар іздеу үшін Түркия мен Иранға барды. Соңғы айларда Ресей аумағындағы құбырлар арқылы қазақ мұнайын тасымалдау екі рет тоқтап қалған. Жақында Тоқаев Қытайдың сыртқы істер министрін қабылдап, "Орталық Азияның экономикасы мен қауіпсіздік архитектурасындағы Пекиннің рөлін кеңейтуді" талқылады.

Пол Гоблдың талдауынша, Ресей үкіметі Қазақстанның осы әрекеттерін сынап қана қоймай, қарымта жауап қайтаруға көшті. Ресей аумағы арқылы өтетін құбырмен қазақ мұнайын жеткізуді тоқтату, Назарбаевты Путиннің қабылдауы, Ресей президентінің Қазақстанға емес, Тәжікстан мен Түрікменстанға сапарлауы – соған дәлел. "Бұл Ресейдің аймақтағы ең жақын одақтасы делінетін Қазақстан Тоқаев тұсында енді мұндай мәртебеге ие болмайтынын көрсетеді. Қазақстан Мәскеуді өзінің түзу пейіліне сендіруге тырысып келген, алайда Путинмен ұстанымы бір Ресей билігі бұған енді көңілі көншімейтіні анық".

Гоблдың жазуынша, Ресей Қазақстанға қарсы қандай да бір әскери қимылға баруға Украинадағы соғыстан қолы тимей жатыр. Тоқаев сол себепті өз сөзі мен әрекетіне сенімді.

"Бірақ Қазақстан басшысының әрекеті Мәскеудің Қазақстандағы ықпалы бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендегенін көрсетеді. Қазақстан Ресейден алыстап, басқа елдермен тығыз қарым-қатынасты жолға қоя алатынын түсінді, бұл ресейліктерді ашуландырды. Сөз қағыстыру, даулы мәлімдемелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, күшеюі мүмкін. Бірақ мұның кәдімгі соғысқа ұласуы екіталай", − дейді Гобл.

ТОҚАЕВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІН БАТЫС ПЕН РЕСЕЙ БАСЫЛЫМДАРЫ НЕГЕ ӘРҚИЛЫ ТАЛДАДЫ?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Тоқаевтың Санкт-Петербургтегі мәлімдемесін талдаған Батыс және Ресей ақпарат құралдарындағы нарративтерге үңіледі.

Батыс ақпарат құралдары Тоқаевтың сөзін іліп әкетіп, оны Қазақстан-Ресей қарым-қатынасындағы бетбұрысты сәт деп көрсеткен. Батыс басылымдарынан "Путин Украинадағы соғыс үшін одақтасынан күтпеген жерден соққы алды", "Путиннің одақтасы Украинаға қатысты ұстанымын оның бетіне айтты", "Путин Қазақстаннан қалайша "айырылып", Советті жаңғыртуды басып тастады", "Путин, Тоқаев және "орыс әлемінің" күйреуі" деген тақырыптармен мақалалар шықты.

Ал Ресей басылымдары Тоқаевтың мәлімдемесіне Қазақстан Ресейден алшақтай бастады деп баға берген. Кейбіреулер тіпті қаңтарда Ресей бастаған ҰҚШҰ әскері Нұр-Сұлтанға көмектескенін алға тартып, Қазақстан Ресейді сатып кетті ме деген мәселені көтерді.

Кейбір Батыс басылымдары Путинді әлсіреп, билігі мен ықпалынан айырылып жатыр деп көрсетуге тырысты. Тоқаевтың мәлімдемесін "Ресей тіпті ең жақын одақтастарының арасында ықпалынан айырылып жатыр" деп бағалағандар да болды. Бірақ мақала авторы жалпы жиынды қарап шықсаңыз, Ресей мен Қазақстан президенттері көптеген мәселелер бойынша келіскенін, пікірі бір жерден шыққанына көз жеткізуге болады дейді.

"Тоқаев өз сөзінде сыпайы және доспейіл болды, аймақтағы күрделі ахуалды еңсеру үшін Ресей мен Қазақстан Еуразия экономика одағы аясында бірге жұмыс істеу керектігін бірнеше рет айтты. Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумында төбе көрсетуі Қазақстан Ресейді "сатып кету" немесе "қорлау" мақсатын емес, керісінше тиімді экономикалық ынтымақтастық жолдарын табуға ниетті екенін айқындайды".

Ресей басылымдарындағы нарративтер де бірқатар сұрақ тудырады. Мәселен, Қазақстанның "алшақтауы" деген нені білдіреді? Ресей мемлекетінен алыстау ма, әлде Ресей мүддесінен алшақтау ма? Қазақстан өзінің ұлттық мүддесіне сай әрекет етсе, Ресейге опасыздық жасай ма? Мақала авторының ойынша, Ресей басылымдары Тоқаевтың мәлімдемесін талдауға келгенде асыра сілтеп, қате тұжырым жасаған.

Мақала авторы Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасты қасақана нашарлатуға бармайды деп есептейді. Себебі Қазақстан Ресей аумағы арқылы мұнай тасымалдайды, басқа ұлттық мүдделер тағы бар. Украинадағы соғыстың нәтижесінде Қазақстан халықаралық аренада Ресейге қатысты ұстанымы мен өзінің ұлттық мүддесін ашық айта бастады. Бірақ басылым "түптеп келгенде Ресей Қазақстанды керек етеді, ал Қазақстан Ресеймен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға мүдделі" деп қорытады.

ТОҚАЕВТЫҢ РЕФОРМАСЫ САЯСИ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАСТАЙ МА?

Тоқаев бастамасымен референдумға шығарылып, мақұлданған Конституцияға түзетулер шын мәніндегі саяси өзгерістерге бастап, "Жаңа Қазақстан" орнатты ма? Орталық Азияны зерттеуші, белгілі журналист Брюс Панниер АҚШ-та шығатын Diplomat журналындағы мақалада осы сұраққа жауап іздейді.

Мақала авторының ойынша, Конституцияға түзетулер Қазақстанның саяси жүйесінде көп нәрсені өзгертпейді. Кей өкілеттіліктер атқарушы биліктен заң шығарушы тармаққа өткен соң, "суперпрезиденттік" басқару жүйесі "президенттік" басқару жүйесіне өзгерді. Бұл "мықты парламент" құруға бастайды деп тәпсірленді. Алайда парламентке қатысты өзгерістер орын саны, екі палатаның міндеттерін қайта бөлуді ғана қамтыды. Парламентте 2012 жылдан бері билікшіл "Аманат", "Ақ жол" мен "Қазақстан халық партиясы" отыр, ал сенат депутаттарын халық тікелей сайламайды, сондықтан парламентке көбірек өкілет бергеннен көп нәрсе өзгермейді. "парламент ары қарай да президентке қарайлайтынына күмән жоқ".

Жаңа өзгерістерге сәйкес, саяси партияны тіркеу үшін қажетті қол саны 20 мыңнан 5 мыңға азайғанымен, әр партияның елдің барлық облыстарында филиалдары болуы керек деген талап күшінде қалды. Панниердің жазуынша, қаржысы аз шағын партияларға бұл талапты орындау қиынға соғады. "Ал соңғы оқиғалар шынайы оппозициялық партиялар жақын арада тіпті тіркелмейтінін көрсетті".

Қарай отырыңыз: Министрлік оппозициялық саясаткер Қуанышәлиннің партия құруына рұқсат бермеді (5 мамыр 2022 жыл).

Министрлік оппозициялық саясаткер Қуанышәлиннің партия құруына рұқсат бермеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

Бұл ретте мақала авторы референдум жарияланған күні әділет министрлігі "Алға" оппозициялық тобының тіркеу туралы өтінішін кері қайтарғанын еске салады. Топтың жетекшісі Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, әділет министрлігі тіркеу үшін өткізген 1600 адамның аты-жөнінен проблема шыққанын хабарлаған.

Ал 10 маусым күні Алматыдағы сот тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамайдың қамау мерзімін тағы бір айға ұзартқан. 26 ақпанда Жанболат Мамайдың үстінен "билік өкілін қорлау" және "жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тағылды.

Жанболат Мамай (оң жақта) мен оның жақтастары билікке қарсы бейбіт митингіде сөйлеп тұр. 16 желтоқсан 2021 жыл.
Жанболат Мамай (оң жақта) мен оның жақтастары билікке қарсы бейбіт митингіде сөйлеп тұр. 16 желтоқсан 2021 жыл.

"Жанболат Мамайдың ісі "Жаңа Қазақстандағы" кез келген шынайы оппозициялық партия қандай мәселеге тап болатынын және көпшілік кезектен тыс өтеді деп жүрген парламент сайлауына қатысу үшін тіркелуі екіталай екенін көрсетеді". Панниер бұл тұста Diplomat журналисі Кэтрин Путцтың мақаласына сүйенеді.

Панниер Ата заңға өзгерістер Қаңтар айында көшеге шыққан халықтың талабына қаншалықты жауап береді деген сұрақты қояды. Жұрт әу бастан өзгерістерді талқылауға қатыстырылмады, қоғамдық талқылау өтпеді. Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "көпшілікке жаңа және ескі Конституцияның айырмасын бірден байқау қиынға соғады" деген. Мақала авторы "егер халық жақын уақытта бұл айырмашылықты көрмесе, бұл Тоқаев үшін проблемаға айналады" деп тұжырымдайды.

Бұдан бөлек мақала авторы Қаңтар оқиғасынан кейін көптеген сұрақтың басы ашық күйде қалып отырғанын жазады. Тоқаевтың оқ ату бұйрығы, зорлық-зомбылықтың артында 20 мың шетелдік лаңкес тұр деген негізсіз мәлімдемесі мен Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін кіргізу төңірегінде жауапсыз сұрақ көп.

Қаңтар оқиғасынан кейін оған қатысы бар деген күдікпен көптеген адам әлі де қамауда отырғаны, Назарбаев пен отбасының байлығының шығу төркіні зерттеліп, тергелмегені және Тоқаевты қаңтарда биліктен кімдер кетірмек болғаны ашық айтылмайтыны да күрмеуі шешілмеген мәселелердің қатарында.

"Тоқаев халықтың үлкен қолдауына ие еместігі шындыққа сай келетіндей. Тоқаев әспеттеп жүрген "Жаңа Қазақстан" ішкі саяси және экономикалық реформаларды қамтуы тиіс. Бірақ жаңадан қабылданған өзгерістер халық талабына жауап береді дегенді айқындайтын нәрсе жоқ".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG