Accessibility links

Washington Post: ФСБ Ресей билігін "Украина қауқарсыз" деп сендіруге тырысқан


Мәскеуде Конституцияға енетін түзетулерге қарсы наразылық акциясы.
Мәскеуде Конституцияға енетін түзетулерге қарсы наразылық акциясы.

Ресей ФСБ-сы Украинаға басып кіруге белсене атсалысқан, бірақ көптеген қателіктерге жол берген. Атап айтқанда, Ресей билігін "соғыс басталғаннан кейін Киев қарсыласа алмайды" деп сендіруге тырысқан. The Washington Post басылымында жұма күні жарияланған мақалада осындай тұжырым жасалады.

Америка басылымының жазуынша, газет тілшілері бірнеше ай Ресей арнайы қызметінің соғысқа дайындықтағы рөлін зерттеген. Олар "көп құпия материалдарға" сүйенген, арасында Ресей барлау қызметінен қолға түсірілген ақпараттар, Украинаның жоғары лауазымды тұлғалары, Америка, Еуропа шенеуніктерімен ұзақ сұхбаттар да бар.

Ақпаратқа қарағанда, шұғыл ақпарат департаменті ретінде белгілі ФСБ бөлімі Украинада бірнеше жыл ресейшіл агентураны дайындаған. Ол Ресей билігіне Киев орыс әскері басып кіргеннен кейін-ақ құлайтынын хабарлаған. Washington Post жазуынша, ФСБ өкілдері не жағдайды дұрыс бағаламаған не Украинаның қорғана білетінін біле тұра Владимир Путинге айтуға батылы бармаған.

24 ақпанға жақын қалғанда ФСБ қызметкерлері Киевтегі агентурасынан Украина астанасындағы баспаналар туралы ақпарат сұраған. Бұл факт алғашқы болжамды растай түседі. Кейін оларға Киевтен кетіп, пәтерлерінің кілтін ресейлік жедел уәкілдерге тастап кету бұйырылған.

Ақпарат бойынша, ФСБ көмегімен бұрынғы украин шенеуніктері және саясаткерлерінен екі топ жасақталған. Олар Киев басып алынғаннан кейін Мәскеуге адал "украин үкіметін" құруы тиіс болған. Бірінші топқа Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович кірген, ол ақпанның соңында Беларусьте болған. Бұл топқа сонымен бірге Владимир Путиннің досы украин саясаткері Виктор Медведчук те енген. Ал екінші топ Ресей бақылауға алған Украина оңтүстігінде жасақталған. Жаулап алынған бірнеше облыс әкімшілігінің құрамына ресейшіл украин азаматтары енген, алайда Мәскеуге адал "орталықтанған үкімет" сол күйі құрылған жоқ.

XS
SM
MD
LG