Accessibility links

Ереванда Солтүстік Осетия мен Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуды жақтайтын парақшалар таратылған


Ереван көшесіндегі парақша. Армения, 21 тамыз 2022 жыл
Ереван көшесіндегі парақша. Армения, 21 тамыз 2022 жыл

Ереван көшелерінде Ресейдің Украинаға басып кіргенін жақтаушылардың бейресми символына айналған Z таңбасы бар парақшалар пайда болған. Бұл жөнінде әлеуметтік желі қолданушылар хабарлаған.

Армян тіліндегі листовкаларға "Қырым – Ресейдікі. Донецк – Ресейдікі. Луганск – Ресейдікі. Мариуполь – Ресейдікі. Запорожье – Ресейдікі. Херсон – Ресейдікі. Тирасполь – Ресейдікі. Цхинвал – Ресейдікі. Солтүстік Қазақстан – Ресейдікі болады. Арцах (Таулы Қарабақ - Ред.) – Ресейдікі болсын" деп жазылған.

Бұл парақшалар Ресей әскерінің бақылауына өткен Украина жерінде референдум өткізу жөнінде хабарлар шыға бастағанда пайда болған. Запарожье мен Херсон облыстарына басшылыққа Мәскеу тағайындаған адамдар референдум жөнінде сөз ете бастаған.

Әлеуметтік желі қолданушылар көшеге жабыстырылған парақшалардың "Единая Россия" партиясының стилі мен дизайнына ұқсас екеніне назар аударған.

Мұнан өзге парақшаларға бұрынғы премьер-министр Роберт Кочарянның парламенттегі "Айастан" блогының логотипі салынған. Блок бұған өздерінің еш қатысы жоғын мәлімдеп, "арандатып отыр" деп премьер-министр Никол Пашинянды айыптаған.

Кочарян Кремльге жақын саясаткер саналады. Оны сынаушылар Еревандағы акцияны Кочарянды қолдайтын ресейшіл күштердің әрекеті деп санайды.

Ресейшіл белсенділер мен блогерлер бұл әрекетті Украина арнаулы қызметіне жауып отыр.

Куәгерлер парақшалардың Ереванның орталық көшелеріне жабыстырылғанына назар аударған. Орталықты полицияның күшейтілген күштері күзетсе де парақша таратушылар әзірге табылмаған.

Қазақстан жеріне байланысты Ресей саясаткерлері бұған дейін түрлі арандату мәлімдемелерін жасаған еді. Таяуда Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведьевтің әлеуметтік желідегі парақшасында постсоветтік кей елдерге, соның ішінде Солтүстік Қазақстанға Ресейдің талабы бар екені жазылған пост жарияланған. Медведьевтің парақшасынан бұл пост жылдам өшірілген, көмекшісі Медведьевтің "парақшасы бұзылғанын" хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG