Accessibility links

Шымкент жанармай бекеттерінде дизель отынына кезекке тұрған жүк көліктері көбейді


Жанармай бекетінде дизель отынын сатып алу үшін кезекте тұрған жүк көліктері. Шымкент, 23 тамыз 2022 жыл
Жанармай бекетінде дизель отынын сатып алу үшін кезекте тұрған жүк көліктері. Шымкент, 23 тамыз 2022 жыл

23 тамызда Шымкент маңындағы жанармай бекеттерінде дизель отынына кезекке тұрған жүк көліктері көбейді. Олардың кейбірі тәулік бойы кезек күтіп тұр.

Ресейден жүк артып келе жатқан Өзбекстан жүк көлігі жүргізушісі Азаттық тілшісіне Қазақстанда төрт күннен бері жүргенін айтты. Оның сөзінше, дизель отынын сатып алу үшін түске дейін жанармай бекетіне кезекке тұрады.

- Бүгін тағы осы проблема. Дизель отынының литрі 230 - 360 теңге аралығында сатып алдық. Оның өзі шектеулі, 50-100 литрден артық сатпайды. Шымкентке келсек мүлде жоқ,- деді Өзбекстанның аты-жөнін айтпаған жүргізушісі.

Өзбекстаннан Ресейге жүзім артып шыққан тағы бір көлік жүргізуші Қазақстандағы дизель тапшылығын шекарадан өткеннен кейін білгенін айтты. Ол Қазақстан үкіметінің шетел жүк көліктеріне дизель отынының литрін 450 теңге деп белгілегеніне таңырқайды.

- Тәулік бойы кезекте тұрмын. "Атакент" шекара бекетінен Шымкентке дейін бірде-бір жанармай бекетінде дизель жоқ. Қайда барарымды білмеймін. Литрі 450 теңгеден дейді. Қай елде мұндай баға бар?- дейді ол.

Жанармай бекетінің қызметкері Тәңірбек Рысбайдың айтуынша, дизель отыны 5 күннен бер жоқ. Жанармай бекеті жүргізушілерге бастапқыда шектеп беріп келген, қазір оны да тоқтатқан. Жанармай бекеттеріне шетел жүргізушілері мен Қазақстан жүргізушілеріне дизель отынын қандай бағада сату керек екені түсіндірілмеген.

Қазақстанда шетелдіктерге сатылатын дизель отынының бағасы энергетика министрлігінің бұйрығымен 22 тамыздан бастап өзгеріп, литріне 450 теңге белгіленген. Министрлік бұл шара дизель отынының тапшылығына жол бермеу үшін жасалып отырғанын айтқан.

Министрлік таратқан ақпаратта дизель отынына лимит белгіленгені де айтылған. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткендерге литрі 230-260 теңгеден есептеліп, күніне 100 литр беріледі. Ал көлігінің Қазақстанда тіркелгені туралы куәлігін көрсеткендерге 230-260 теңгеден есептеліп, 300 литрге дейін сатылады.

"Қалған санаттағыларға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден сатылады,- дейді министрлік.

Кейбір жерілікті БАҚ хабарына қарағанда өткен аптада Қазақстанның шекарадағы өңірлеріндегі жанар май бекеттерінде дизель отынын сатуға шектеу қойылған. Кейбір бекеттер талонмен, бір адамға 50 литрден ғана сатқан.

Бұл жағдайға түсініктеме берген энергетика министрлігі "дизель отынын шетелдік жүк көліктері құйып әкетіп жатқанын" айтқан.

Энергетика министрлігінің бүгінгі мәліметіне қарағанда, Қазақстанмен шектесетін Еуразия экономика одағына мүше елдерде дизель отынының бағасы Қазақстанның ішкі нарығындағы бағадан қымбат: Арменияда дизел отынының литрі 758 теңге, Ресейде 446 теңге, Қырғызстанда 412 теңге, Беларусьте 446 теңгеден сатылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG