Орталық сайлау комиссиясы жаңадан құрылған Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарынан сенатқа сайланатын депутаттарға дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялады. 6 мандатқа 12 адам үміткер болған.
Жетісу облысынан сенат депутаты болып Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев (108 дауыс) және Жетісу мемлекеттік университетінің деканы Амангелді Толамисов (107 дауыс) сайланған.
Ұлытау облысынан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров (41 дауыс) және Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев (38 дауыс), Абай облысынан Семей әкімі Бақытжан Байахметов (91 дауыс) пен "Қайнар" колледжінің директоры Айнұр Арғынбекова (89 дауыс) сенат депутаты болып сайланған.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Абай облысынан дауыс беруге 112 адам, Жетісу облысында 138 адам, Ұлытау облысынан 61 адам қатысқан.
Парламент сенатына әр облыс пен республикалық маңызы бар - Алматы және Шымкент қалаларынан және Қазақстан астанасы - Нұр - Сұлтан қаласынан екі депутаттан сайланады. Оларды аталған облыстар мен қалалардың мәслихаттары сайлайды.
Биыл Қазақстанда жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылған.
ПІКІРЛЕР