Accessibility links

ДДСҰ: Украинада соғыс кезінде медицина мекемелеріне 437 рет соққы жасалған


Украинада соғыс кезінде Ресей армиясы медицина мекемелеріне 437 рет шабуыл жасаған. Атқылаудың салдарынан кемінде 98 адам қаза болған, арасында дәрігерлер мен пациенттер де бар. Кемінде 134 адам жараланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасында осындай мәлімет айтылады.

ДДСҰ мәліметінше, жедел жәрдем және санитария көліктері ондаған шабуылға ұшыраған. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек қоймалары бүлініп, қираған. Қымбат медицина жабдықтары бүлінген.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебреисус Украина денсаулық сақтау жүйесі әскери қимылдардан қатты зардап шексе де, тұралап қалған жоқ – соғыста жараланғандарға, қарапайым пациенттерге көмектесіп жатыр деді.

Гебреисустың айтуынша, ДДСҰ Украинаға қолдау көрсетеді, алайда соғыс жағдайында бірде-бір жүйе қалыпты жұмыс істей алмағандықтан соғысты дереу тоқтату қажет.

ДДСҰ-ның Украинадағы өкілі Ярно Хабихт қыс жақындап келе жатқан шақта украин азаматтарының медицина қызметін пайдалану мүмкіндігі қиындауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, көптеген аймақта дәрі-дәрмек, жабдық тапшылығы туындап отыр. Бірінші кезекте бұдан әйелдер мен балалар, қарттар зардап шегеді.

Ресей қорғаныс министрлігі орыс армиясы Украинада азаматтық нысандарға шабуылдаған жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген. БҰҰ-ның 1 тамыз күнгі мәліметі бойынша, Украинада бес мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған, ондаған мың тұрғын үй мен азаматтық инфрақұрылым нысандары қираған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG