Accessibility links

Қазақстанда жанармай станцияларында тұтынушылар деректері тексеріледі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда барлық жанар-жағармай станцияларында "тұтынушылар дерегін верификациялайтын модуль" іске қосылатынын мәлімдеді. Министрдің түсіндіруінше, бұл дизельді сатып алған кезде қолданылатын түрлі айла шарғылардан қорғайды.

Мұндай модуль қыркүйектің ортасында іске қосылуы мүмкін.

— Қазір министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірге мәселенің техникалық шешімін қарастырып жатыр. Тұтынушылар дерегін тіркейтін модуль отынның аталған түрін сатқан кезде түрлі айла шарғылардан қорғауға мүмкіндік береді. Қыркүйектің ортасында барлық жанар-жағармай станцияларында модульді іске қосамыз деп ойлаймын, - деді министр.

Оның айтуынша, барлық ірі жанар-жағармай станцияларында сенім телефондары да ашылады.

"Сол арқылы [тұтынушылар] бізге станция тарабынан болған заңбұзушылықтарды хабарлай алады. Ал көрсетілген видеоларда жанармайды бакқа емес, жүксалғыштағы қандай да бір ыдысқа құйып жатқаны көрінеді" деді Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, "жанармай қорына қарамастан" кейбір аймақта отын тапшылығы сезілген.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 24 тамыз күнгі жағдай бойынша елде 212,4 мың тонна дизель отыны бар. Шілде айында дизель қоры 380 мың тоннаны құраған, тамыздың соңына қарай бұл көрсеткіш 288 мың тоннаға түспек.

Министр мемлекет бірінші кезекте ауыл шаруашылық өнімдерін шығарушыларды қажетті дизельмен қамтамасыз етуге тырысатынын жеткізді. Оның айтуынша, күзде мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай қоймаларынан дизель отыны кешігіп жететіндіктен ірі отын тұтынушыларға сол жөнінде ескерту берілген. Олар қыркүйек пен қазанда сұраныстарын өздері өтемек.

Ведомствоның 22 тамыз күнгі бұйрығына сәйкес, қарапайым жүргізушілер литрін 230-260 теңгемен күніне 100 литрдан артық дизель ала алмайды. Ал жүк тасымалдаушылар 300 литрге дейін жанармай сатып ала алады. Одан артық сатып алатындар литрі үшін 450 теңге төлеуі тиіс.

XS
SM
MD
LG