Accessibility links

Запорожье АЭС-і тарихта алғаш рет электр желісінен ажырап қалды


Запорожье атом электр станциясы.
Запорожье атом электр станциясы.

Украинаның "Энергоатом" ядролық агенттігінің хабарлауынша, 25 тамызда Запорожье атом электр станциясы тарихта алғаш рет электр желісінен толық ажыраған.

Агенттік мәліметінше, АЭС маңында орналасқан Запорожье жылу электр станциясы өртеніп, соның салдарынан электр желісінің төртінші линиясы екі рет өшіп қалған. Қалған үшеуі бұған дейін Ресей шабуылдары салдарынан бүлінген. Атом электр станциясында жұмыс істеп тұрған екі блок желіден ажырап қалды.

"АЭС қажетті электр қуатын Украина қуат жүйесінен Запорожье ЖЭС-інен алады. Қуат блоктарының бірін желіге қосу операциясы атқарылып жатыр", - делінген ядролық агенттік мәліметінде.

"Интерфакс" ақпарат агенттігі басқыншы билікке сілтеме жасай отырып, Запорожье және Херсон облыстарының бір бөлігі жарықсыз қалғанын хабарлады. Атап айтқанда, Херсон, Новая Каховка, Энергодар және Мелитополь қалаларында жарық сөнген. Кейін мәлім болғандай, Херсонға жарық берілген.

Запорожье атом электр станциясы – Еуропадағы ең ірі АЭС. Ол Энергодар қаласында орналасқан. Биыл наурызда Ресей әскері бұл қалаға бақылау орнатты. Станцияда украин мамандары жұмыс істеп жатыр. Тамыздың басында АЭС-ті бірнеше мәрте атқылағаны мәлім болды. Ресей мен Украина станцияға шабуылдады деп бір-бірін айыптады.

АЭС блоктарын салқындату үшін станция үнемі электр қуатын пайдаланады. МАГАТЭ мамандары бірнеше айдан бері атом электр станциясына сапарын келістіре алмай жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG