Германия мен Франция ресейліктерге мүлде виза бермеу идеясын қолдамайды. Прагада 30 тамызда басталатын Еуроодақ елдері сыртқы істер министрлерінің басқосуы қарсаңында екі ел осындай бірлескен мәлімдеме жасады.
Екі ел басшыларының көзқарасы бойынша, "ресейліктердің болашақ ұрпақтарын сыртқа теппеу" маңызды. Оның үстіне, "жеке басы саяси қуғын-сүргінге ұшыраса да, ұшырамаса да", ресейлік студенттердің, суретшілер мен ғалымдардың, басқа да мамандардың Еуропа одағына кіруіне мүмкіндік беретін құқықтық негіз сақталуы керек. Германия мен Франция басшыларының айтуынша, Шенген визасын алуға мүлде тыйым салған жағдайда Ресей азаматтары арасында ұлтшылдық пен антиеуропалық көзқарас өрши түседі.
Ресми Париж бен Берлин ұстанымы бойынша, Еуроодақ елдері "виза беру деген маңызды тетікті ақылмен қолдану жолдарын қарастыруы" керек. Еуроодақтың виза саясаты Еуропа халқы мен Ресей үкіметіне қатысы жоқ ресейліктер арасындағы байланысқа тосқауыл қоймауы тиіс. Бұл жөнінде екі елдің ортақ мәлімдемесіне сілтеме жасаған dpa агенттігі хабарлады.
Еуроодақ мүшелері сыртқы істер министрлерінің кездесуі қарсаңында Германия мен Франция әзірлеген тағы бір құжатта Париж бен Берлин Ресейдің өз ішіндегі пропагандаға қарсы науқан жүргізіп, "қарапайым азаматтарға Еуропаның есігі ашық" екенін көрсету арқылы ресми Мәскеу мен сол елдің азаматтары арасын ажырату керек екенін айтқан. Бұл жөнінде Bloomberg хабарлады.
Сол мақсатта Ресейдің интернеттегі цензурасына қарсы "техникалық шаралар" қолданып, шетелде тұратын орыстілді азаматтарға сол тілде контент ұсыну қажет екені айтылады.
Бұған қоса, орыс тілінде медиасауат курстарын әзірлеуге қаржы бөліп, оны YouTube, Facebook, TikTok, Telegram және "ВКонтакте" желілерінде тарату туралы ұсыныс бар.
- Ресей Украинаға ашық әскери шабуыл бастаған соң Балтық елдері, Польша, Чехия сияқты Еуроодақ мүшелері Ресей азаматтарына виза беруді мүлде тоқтату не оны қатаң шектеу туралы ұсыныс айта бастады. Түрлі ақпарат құралдарының хабарларына қарағанда, Прагада өтетін жиында Еуроодақ елдері Ресей азаматтарына виза беру мәселесі бойынша ымыраға келуі ықтимал. Ол бойынша, ресейліктерге виза беру тоқтатылмайды, тек Еуроодақ Ресеймен арадағы виза режимін жеңілдету келісімінен бас тартады. Бұл жағдайда визаның құны өседі және өтініштерді қарау мерзімі ұзарады.
ПІКІРЛЕР