Accessibility links

"Енді ол жақта өмір сүре алмаймын". Ресейден кеткен эмигранттардың тұрмысы


Украинадағы соғыс басталғалы Ресейден шамамен 150-800 мың адам көшіп кеткен. Бұл - Совет одағы ыдырағалы ең ірі эмиграция. Хельсинки университетінің әлеуметтанушысы Маргарита Завадская Riddle Russia порталында эмигранттардың көбі елдің саяси ұстанымына көңілі толмайтын экономикалық белсенді азаматтар екенін жазды. Ал OK Russians ұйымы сауалнама жүргізіп, елден кеткендердің тек 3 пайызы Ресейге қайтуды жоспарлап отырғанын анықтады.

Ресейліктер еліне оралмас үшін шетелде қара жұмыс болса да істеуге дайын. Солардың бірі – Сібірде тұрған микрохирург Сергей. Қазір Болгарияда құрылыста жүрген ол жұмыс істеуге рұқсаты болмағандықтан, аты-жөнін өзгертуді сұрады. Сергей елден кету туралы бұрын да ара-тұра ойлағанымен, нақты шешім қабылдауға Ресейдің Украинаға басқыншылығы әсер етті дейді.

– Ұлтым неміс болғандықтан, Германияға кетуге мүмкіндік болды. Тіпті, құжат та жинап жүрдім, бірақ іс алға баспады. Кейінге шегере бердім. Тіл білмейтінім бар, жалпы шешім қабылдау қиын болды. Елде бәрі жақсы болатын шығар деп те ойладым. Үй салып жатқан едік. Ал 24 ақпанда нақты шешім қабылдадым. Ресейдегі өмір осымен аяқталғанын түсіндім. Кетеміз деп шештік, – дейді Сергей.

Сергей Шенген визасы мен таныс-туысы болмағандықтан, Германияға кете алмағанын айтады. Ол әлеуметтік желіде соғыс туралы жазып жүрген әйелін үрей биледі дейді. Өзі де Украинадағы соғыс мәселесіне келгенде әріптестерімен тіл табыса алмаған.

– Жұмыста либерал көзқарастағы адамдарды сатқын деп атайтын. Отырыстардың бірінде соғыс туралы ұстанымымды айтып едім, "Сен сияқтылар Колыма жолын салып бітіруі керек" деді. Содан кейін бұл ұжыммен жұмыс істей алмадым. Ақысыз демалыс алуға өтініш жазып, таныс журналистерге сұхбат бердім. Содан кейін [мені] сатқын деп атап, жұмыстан шыққаным дұрыс екенін айтты. Өтініш жазып, поштамен салып жібердім. Кетуіміздің бір себебі осы, – дейді ол.

Сергей 9 наурызда Арменияға кеткен. Сол кезде ресейліктер көптеп барып жатқан соң, онда тұрғын үй қымбаттап кеткен. Сондықтан виза алып, Болгарияға көштік дейді ол.

Құрылыста жұмыс істеп жүрген Сергей тапқан-таянғаным азық-түлікке жетеді дейді. Ал дипломын заңдастыру үшін ресми рұқсат алу керек екен.

– Визамыздың мерзімі аяқталды. Визасыз жүруге рұқсат беретін тоқсан күніміз өтіп кетті. Босқын ретінде тіркелуге тырысып жатырмыз. Құжатымызды алып кетті. Сондықтан тіпті құрылыста жұмыс істеуге құқығым жоқ. Аш жүрміз дей алмаймын. Әрине, тұрмысымыз төмендеді. Бірақ Ресейде қалып, бұрынғы табысымды алғанша, осы жақсы. Психикалық саулығымыз үшін осында болғанымыз жақсы, – дейді ол.

"КЕТУГЕ БҰРЫННАН ДАЙЫНДАЛДЫМ"

Ал Мәскеуде тұрған Владимир Ресейден кетуге бұрыннан дайындалғанын айтады. Маусымда Израильге көшкен ол эмиграцияға кетуге Ресейдегі саяси жағдай әсер етті дейді. Елде қалған жақындарының қауіпсіздігіне алаңдаған ол аты-жөнін атамауды сұрады.

– Кетуге бұрыннан дайындалдым. Визаны 9 ақпанда, соғыстан екі апта бұрын алғанмын. Маусымға қарай құжаттарымызды [жинауды] аяқтап, елден кеттік. Виза алу жұмыстарын үш жыл бұрын бастаған едім. Бұл "Б" жоспары болатын. Бірдеңе бола қалса, кетіп қалатын мүмкіндік болуы керек дедім. Бірақ виза аламын да, Ресейден мәңгіге кетемін деген ой болған жоқ. Соғыс басталғанда кетуден басқа амал жоқ деп шештім, – дейді ол.

Владимирдің әйелі 51 пайызына мемлекет иелік ететін банкте жұмыс істеген, бірақ поштасы оппозициялық ресурста тіркелгені үшін жұмыстан шығарылған.

– Содан кейін не болғанын түсіндік. Соғыс алдында жүйеге қарайтын мекемелерді [билікке] келіспейтіндерден тазалаған сияқты. Біз жалғыз жол бәрімен байланысты үзіп, елден кету деп шештік. Психикамызға жайлы өмірді таңдадық, – дейді Владимир. – Үйренген жерден кету ауыр. Бірақ бір жағынан Ресейде қалу одан да ауыр. Сондықтан [кетеміз деп] шештік. Әрине, балалар да бар. Балаларымыз болмаса, кетпес пе едік.

Ресейде тарихшы-архивші мамандығымен жұмыс істеген ол Израильде архив жүйесі жоқ екенін, бірақ кәсіби мүдде мен мансапқа мүлдем алаңдамайтынын айтады. Бар ойым отбасымды асырауға жетерлік табыс табу дейді ол.

"РЕСЕЙДІҢ ҚАЙҒЫСЫМЕН ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙМЫН"

Ал Санкт-Петербургте ағылшын тілінен сабақ берген Марина соғыс басталған соң он күннен кейін Колумбияға кеткен. Қазір ол сонда аспаз болып жұмыс істейді. Ресейдегі үйін сатып үлгермегендіктен, аты-жөнін атамауды сұрады.

– Ұлтым орыс. Украинада туып, сонда өстім. Шет тілдер институтын бітіріп, ағылшын тілінен сабақ бердім. 1990 жылардың басында күйеуім және қызыммен АҚШ-қа кеттік. Сол жақта тағы екі баламыз дүниеге келіп, АҚШ азаматы болып тіркелді. 1998 жылы Ресейге көштік, – дейді ол.

Марина АҚШ-тан оралған соң азаматтығын бірден ауыстырмағанын, сол кездің өзінде ел ішінде украиндарға қарсы пікірдегі азаматтардың көп болғанын айтады. 2014 жылы Қырымдағы жағдайдан соң кететінімізді нақты шештік, бірақ күйеуімнің күтім қажет ететін туыстары бар еді дейді ол.

– Ресейде ағасы, Украинада анасы болды. Ағасы қайтыс болған соң, 2020 жылы Украинаға анасына кетті. Ковид басталды. Анасының жағдайы нашарлап, сонда қалып қалды. Содан кейін "арнайы операция" басталып кетті, – дейді Марина.

Ол әлеуметтік желідегі жазбаларынан соң "он жылға қамалуың мүмкін екенін білесің бе?" деген хаттар ала бастағанын айтады.

– Менің жасымда бұл өліммен бірдей. Балалар елден кет деді. АҚШ-қа визам болмағандықтан, Колумбияға барамын деп шештік. Онда ресейліктерге 180 күнге дейін визасыз жүруге болады. Бірақ қызым туысы ретінде бес жылға виза жасап берді, – дейді Марина.

Оның Украинада қалған күйеуі анасымен Германияға кетіп, босқын статусын алған.

– Ресейге тек фотоальбомдарымды, коллекциямдағы шәйнегімді, әжелерімнің кестелері жиналған шабаданымды алуға ғана барамын. Жасым отызда болса, Ресейдегі өмірімді қалпына келтіру туралы ойланар едім. Күйеуім екеуміз АҚШ-тан 34 жасымызда оралдық. Ол кезде ақылымыз да, күшіміз де көп еді. Ал қазір күресетін күш қалмады. Ең үлкен қорқынышым рас болып шығып, ана қатыгез тышқан ядролық қару пайдаланбайды деп үміттенемін. Ресейді Солтүстік Кореяға айналдыруға болатынына сенбеймін. Бәрін қамау мүмкін емес қой, – дейді ол.

Ал Сергей Ресейде қалған таныстарының ештеңе болмағандай жүргеніне налиды.

– Қалай өмір сүрді, солай жүр. Басында соғыс туралы айтатын, қазір үндемейді. Үйренген ортасынан шыққысы келмейтін шығар. Ресей экономикасы құлдырағанда, адамдар жағдайдың қаншалық жаман екенін түсінеді деп ойлаймын. Олар не болғанын билік ашық мобилизация бастамай, экономика күрделі жағдайға жетпей түсінбейтін сияқты, – дейді ол.

Сергей билік пен елдегі саясат өзгерген жағдайда ғана Ресейге оралатынын айтады.

– Бірақ сол адамдардың қалатыны проблема. Сондықтан Ресейге орала алмайтын сияқтымын. Барып қайтармын. Таныс жерлерді, таныстарыңды бәрібір сағынасың. Бірақ мемлекет, адамдар... Ол жақта енді өмір сүре алмаймын, – дейді ол.

Азаттықтың Орыс қызметінің "Север. Реалии России" жобасының мақаласы негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG