Accessibility links

Санкциялар қысқан Ресейден Арменияға көшкендер көбейді


Еревандағы Звартноц әуежайында ұшып келе жатқан ресейліктерді күтіп тұрған армяндар. 4 наурыз, 2022 жыл.
Еревандағы Звартноц әуежайында ұшып келе жатқан ресейліктерді күтіп тұрған армяндар. 4 наурыз, 2022 жыл.

Мәскеудің Украинаға басқыншылығына қарсы шыққан ресейліктер елінен кетіп жатыр. Олардың біразы Арменияны паналаған. Ереван Кремльдің әскери басқыншылығын айыптаған жоқ, Ресейді оқшаулайтын халықаралық санкцияларды да қолдамады.  

Украинаға басқыншылық жасағаны үшін санкцияға ұшыраған Ресей соғыс жайлы ақпаратты қатаң бақылауға алып, қудалауды күшейтіп жатыр. Сондықтан ақпарат құралында жұмыс істейтін Алексей елден кетуге бел буған.

- Сол себептен елден кету керек деп шештім, - дейді Алексей. 3 наурызда Еревандағы Звартноц халықаралық әуежайына жеткен ол аты-жөнін толық атамауды сұрады.

Президент Владимир Путиннің Украинаға шабуылдау шешімі Ресейді оқшау елге айналдырды. 33 мемлекет, оның ішінде Еуроодаққа мүше 27 ел Ресей ұшақтарын кіргізбейтін болды. Бұл ресейліктердің саяхаттауына қиындық туғызды.

Ресей азаматтары бара алатын елдердің бірі – Армения. Мұнда халықтың көбі орысша сөйлейді. Елдің билігі осы күнге дейін Ресей қарулы күштерінің әрекетін айыптаған жоқ, Кремльге және Ресей экономикасына салынған санкцияларды қолдамады.

Армения – Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшесі, Ресейдің стратегиялық серіктесі. Мәскеудің Арменияда әскери базасы бар. Сонымен қатар 2020 жылы Әзербайжан мен Армения арасында болған Таулы Қарабақ соғысынан кейін атысты тоқтату үшін Ресей мұнда бітімгер әскер шоғырландырған.

- Армения мен Грузия екеуінің бірін таңдадым. Кей әуежайлар жабылып қалған соң, осы жаққа жету оңай көрінді. Логистика тұрғысынан маған Ереванға жету оңай болды, - деп түсіндірді Алексей.

25 жастағы Алексей - Ресейден Арменияға қоныс аударғандардың бірі. Оның айтуынша, Ресейде жұмыс істеу қиындай береді. Ереван, 4 наурыз, 2022 жыл.
25 жастағы Алексей - Ресейден Арменияға қоныс аударғандардың бірі. Оның айтуынша, Ресейде жұмыс істеу қиындай береді. Ереван, 4 наурыз, 2022 жыл.

3 наурызда The Guardian Мәскеуден Ереванға, Стамбұл мен Белградқа ұшатын рейстерге билет бірнеше күннің ішінде сатылып кеткенін хабарлады.

Ресейден Арменияға кеткен бірнеше азамат Азаттыққа достары мен таныстары да елден кетуді жоспарлап жүргенін немесе кетіп қалғанын айтты. Олар бұл шешімін Батыс санкцияларының күшеюімен байланыстырған.

- Ресейде импорт, экспорт, қаржы салаларында бизнес жүргізу енді мүмкін болмағандықтан, компаниялардың көбі жуық арада шетелге көшетінін естідім, - деді аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір азамат.

ДАМЫП ЖАТАН ІТ САЛАСЫ

1 наурызда Арменияның экономика министрі Ваган Керобян Ресейдегі технология компаниялары Батыс санкцияларынан кейін расымен Арменияға барып жатқанын айтты.

Украинаға әскери шабуыл бастау шешімінен соң Батыс Владимир Путинге қатысы бар Ресей банктеріне, бизнеске және ықпалды адамдарға бұрын-соңды болмаған санкция салған еді.

- Ондаған компания көшіп келді, тағы бірнешеуі дайындалып жатыр» деді Керобян.

Керобян Ресей фирмаларының ешбірінің атын атап, түсін түстемеді. Тек олардың көбі технология саласынан екенін және «Батыс нарығына» бағытталғанын айтты.

- Кейінгі шектеулер оларға өз елінен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді, - деді Керобян.

Ресей технология фирмасында жұмыс істейтін инженер Ереванға баратын рейске билет брондап қойған. Ол елден тек экономикалық себептермен емес, Ресейдің Украинаға шабуылына қарсы болғандықтан кететінін айтты.

- Біздің компания елден кетемін деген қызметкерлерге көмектесетінін айтты, бірақ қалай көмектесетінін нақтыламады. Сондықтан жалғыз кетіп барамын, - деді ол.

Бағдарламалық жасақтама инженері Евгений де Арменияға көшуді жоспарлап отыр. Ол «Дамып келе жатқан ақпараттық технология саласында жұмыс таба алатыныма сенімдімін» дейді. Арменияда бұл салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

- Армения мен Сербия екеуінің біреуін таңдадым. Екі елде де орыстарға көзқарас жақсы. Тіл жағынан кедергі жоқ, жергілікті мәдениетті білемін. Бірақ Армения техникалық мамандарды қабылдауға көбірек мүдделі деп ойлаймын, - дейді ол.

АҚШ пен Еуроодақ салған санкциялар Ресейдің жоғары технологияға қол жеткізу мүмкіндігін шектеп, Ресей компанияларының шетелде қаржы операцияларын жасауды қиындатады.

Шетелдік және жергілікті кәсіпорындарға кеңес берумен айналысатын тағы бір компания кейінгі кездері бизнес-операцияларды Ресей мен Беларусьтен Арменияға ауыстыру жайлы өтініш көбейгенін растады.

Ресейдегі мамандар Армениядағы ІТ секторына баруға ерекше мүдделі, олардың кейбірі жұмыс та тауып үлгерген дейді алдыңғы қатарлы технологиялармен айналысатын кәсіпкерлер одағының атқарушы директоры Айк Чобанян.

- Нақты сандар шамамен бір аптадан соң, бәрі тынышталғанда белгілі болады. Бірақ қазір Ресейден келген кей мамандар Арменияда жұмыс тауып алғанын айта аламыз, - дейді Чобанян.

Батыстың кейінгі санкциялары Ресей экономикасына және қаржы секторына ауыр соққы болды. Президент Владимир Путин шетелге он мың доллардан астам қаржы шығаруға тыйым салды.

Ереванның Звартноц әуежайында жүрген ұлты орыс азаматтардың көбі Арменияға көшу себебін айтудан бас тартты. Ал кейбірі тек турист болып келгенін.

Ереван көшесінде телефонынан жаңалық оқып отырған Ресей азаматы. 4 наурыз, 2022 жыл.
Ереван көшесінде телефонынан жаңалық оқып отырған Ресей азаматы. 4 наурыз, 2022 жыл.

Кейінгі күндері Ереван көшелерінде Ресей азаматтары көбейген. Азаттық сұрақ қойған бірнеше адам Арменияға Украинадағы соғыс кесірінен келгенін мойындады. Бірақ олардың бәрі мұнда қалуды жоспарлап отырмағанын айтады.

- Бірнеше ай осында болатын шығармын. Содан кейін Еуропадан жұмыс табамын, - деді Азаттық тілшісі Ереван көшесінде тоқтатқан жас орыс жігіті.

БЕЙТАРАПТЫҚ ПЕН ҚОЛДАУДЫҢ АРАСЫ

Ресей 24 ақпанда Украинаға соғыс бастағалы Армения премьер-министрі Никол Пашинян үкіметі бір жағы бейтарап қалып, бір жағы Мәскеуді қолдауға тырысып келеді.

БҰҰ Бас ассамблеясы Ресей басқыншылығын сынайтын қарар қабылдағанда Армения қалыс қалды. 2 наурызда қабылданған қарарды ұйымға мүше 193 елдің 141-і қолдаған. Құжат Ресейден Украинадағы соғысты дереу тоқтатуды, Украина жерінен әскерін алып кетуді талап етеді. Бұл талапқа Ресейден өзге оның Украинаға шабуыл жасауына мүмкіндік жасап, жерін берген Беларусь, сондай-ақ Эритерия, Солтүстік Корея және Сирия ғана қарсы шықты.

Ереванда қыдырып жүрген ресейлік жұп. 4 наурыз, 2022 жыл.
Ереванда қыдырып жүрген ресейлік жұп. 4 наурыз, 2022 жыл.

Армения Ресейдің Қырым түбегін аннексиялаған және Қара төңіздег бұл түбекте Украина үкіметінің билік жүргізуіне мүмкіндік бермеген әрекеттерін сынаған БҰҰ Бас ассамблеясының қарарларына да қарсы дауыс берген.

25 ақпанда Ереван Ресейдің Еуропа кеңесіндегі мүшелігін тоқтату туралы шешімге қарсы дауыс берді. Шешімді Страсбургте орналасқан ұйымның 42 мүшесі қолдады. Ресейге қарсы шықпаған жалғыз мемлекет Армения болды.

Ресей Украинаға шабуыл жасағаннан соң 2 наурызда Пашинян Ереван Украинадағы соғысқа байланысты «қатты қайғыратынын», Ресей-Украина келіссөздері «нәтиже беретініне» үміттенетінін айтты. Ереванның бұл соғысқа ресми реакциясы осындай болды.

Азаттықтық Армян қызметінің материалдары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG