Accessibility links

Есі ауысты ма, әлде стратегия ма? Путиннің Украина облыстары жөніндегі шешімі және оның қисыны


Донецкідегі ресейшіл сепаратистер Ресей президенті Владимир Путиннің шешіміне ризашылық білдіріп тұр. 21 ақпан 2022 жыл.
Донецкідегі ресейшіл сепаратистер Ресей президенті Владимир Путиннің шешіміне ризашылық білдіріп тұр. 21 ақпан 2022 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы екі облысты тәуелсіз ел деп таныды. Бұл облыстар Мәскеу қолдап отырған сепаратистер бақылауында еді. Азаттық радиосы Путиннің мұндай шешім қабылдауына не себеп болғанын саралап көрді.

Ресей президенті Владимир Путин телеүндеуінде өктем сөйлеп, агрессиялы сөздерімен Киев пен Батысты түйреп өтті. Ал сөзінің соңында Украинаның шығысындағы сепаратистер бақылап отырған облыстарды тәуелсіз ел деп танитынын айтты да, араға уақыт салмай бірден қаулыға қол қойды.

Кейінгі кездері көбі Путин мұндай қадамға бармайтын болар деп болжады. Бұл шешімнен соң Мәскеу Киевке ықпал ету тетігі санайтын Минск келісімінен айырылады. Бұл келісім 2014 жылдан бері 13 200 адамның қазасына әкелген, Украина билігі мен Мәскеу қолдап отырған сепаратистер арасында болып жатқан шиеленісті реттеуге бағытталған.

Путин бұл шешімді бірнеше себеппен қабылдауы мүмкін.

МИНСК КЕЛІСІМІ

2015 жылы ақпанда "Минск-2" келісімі жасалды. 2014 жылы көктемнен бері Ресей күштері қолдап отырған сепаратистер бақылауындағы Донецк пен Луганск облыстарына айтарлықтай автономия беру арқылы, Мәскеу бұл келісімді Украинаның ішкі және сыртқы саясатына ықпал ету тетігі көрді.

Бірақ Ресей мен Украина келісімнің негізгі аспектілеріне, оның ішінде сенімді нығайтатын амалдарының ретіне келісе алмады. Келісім негізінен осыған үндейді. Путиннің Минск келісімі Мәскеу талаптары бойынша орындалады деген үміті үзілген болуы мүмкін.

СОҒЫС БОЛМАЙ МА, ӘЛДЕ КЕЙІНГЕ ҚАЛА МА?

Владимир Путиннің 21 ақпанда жасаған үндеуіне қарап, Мәскеу Украинаға әскери шабуыл жасағалы жатыр деп ойлауға толық негіз бар. Ресейдің Украина шекарасындағы әскері 130 мыңға жеткенде, АҚШ Мәскеу көрші елге басып кіреді деп болжаған еді.

Бұлай болуы әбден мүмкін: оның Украина жайлы шағымы бұрынғы сөздерінен ерекшеленбей, Путин Украинаны большевиктер лидері Владимир Ленин құрған деді. Бұл оның екі облысты тәуелсіз ел деп тануымен шектеле қоймайтынын байқатқандай болды. Бірнеше сарапшы бұл шешім Киев үкіметін құлатуға бағытталған ірі әскери науқанның тек бірінші қадамы ғана екенін болжады.

Майкл Кофман, Әскери-теңіз сараптамасы жөніндегі америкалық орталықтың қызметкері: Ресейге сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін тану үшін Украина шекарасына 190 мың сарбазды апару қажет емес еді. Бұл әскер тіпті Донбасстың маңында тұрған да жоқ. Бұл Ресейдің мәжбүрлеп билік ауыстыруды көздейтін кең ауқымды әскери операциясының бірінші қадамы болуы мүмкін.

Путин екі облысты тәуелсіз ел деп тануды ең соңғы амалға бармай, яғни, тағы да әскер кіргізіп, қантөгіс жасамай, Украина мен Батыс елдерінің алдында беделінен айырылмай жеңіске жету жолы қарастырған сыңайлы.

Десе де, Ресей Украинаға әскери қысым көрсетуін жалғастыра береді. Донбасстың өзінде бұл бұрынғыдан да айқын көрінеді: сепаратистер Донецк пен Луганск облыстарының аз ғана бөлігіне емес, тұтастай ие болуға ұмтылады. Сондықтан бұл шешім екі облысты толықтай басып алу қаупін туғызады.

Путин Украинаның кей жері Ресейге тиесілі дегенде осыны меңзеген болар. Қысымның тағы бір түрі ретінде Ресей екі облыстың жерін өзіне қосып алуы мүмкін деген болжамды айтуға болады. Путин үндеуіне дейін болған, мемлекеттік телеарналардан көрсетілген қауіпсіздік кеңес отырысында Путиннің екі әскери шенеунігі "қателесіп" осыны меңзеген еді.

ІШКІ ПРОБЛЕМАЛАР

Путиннің үндеуі болашақта Ресей Украинаны бұдан да агрессиялы жолмен билеп-төстейтініне халықты дайындағандай көрінді. Бірақ азаматтық қоғам мен өзгеше ойлайтындарды үнемі басып-жаншу оппозиция мен халықтың наразылық білдіруі қабілетін әлсіретті. Экономика құлдырап, коронавирус ушығып тұрғанда, Путин халықтың көбі екі облыстың тәуелсіз деп танылуын көрші елмен болатын соғыстан гөрі дұрысырақ көретінін түсінгендей.

КИЕВ БИЛІГІН ӘЛСІРЕТУ

Кремль үшін жікшіл облыстарды тәуелсіз деп тану Қырым аннексиясынан сегіз жыл өткенде Украинаның жерін иемденумен бірдей.

Путин бұл қадам Украина президенті Владимир Зеленскийді әлсіретеді деп үміттенуі мүмкін. Ол 2019 жылы сайлау алдындағы науқанда Донбасстағы соғысты тізе бүкпей тоқтататынын айтып, оңай жеңіске жеткен еді.

БАТЫСТЫ БӨЛУ

Ресей Украинаға шабуыл жасаса, Батыстың бірлігін нығайтып, АҚШ пен Еуроодақты ортақ мүддеге жұмылуға итермелейді.

Путин екі облысты тәуелсіз деп тану Батыс елдерін Ресейге қандай санкция салып, қалай әрекет ететіні жайлы пікірталасқа қалдыратынын ойлаған болар. Әсіресе, егер Ресей мен сепаратистер Донбасстағы үкімет бақылауындағы жерлерге басып кіруге ұмтылмаса, Мәскеу шекарадан әскерін әкете бастаса не істейтінін ойлауға итермелеуге ниеттенген болуы мүмкін. Бірақ осы күнге дейін бұл әрекеттердің еш нышаны байқалмады.

АРАНДАТУ МА?

Путиннің екі облысты тәуелсіз деп тануы Ресей жуырда Донбассқа аз уақытқа болса да әскери күштер жіберетінін көрсетеді. Сегіз жылға созылған соғыс кезінде Ресей әскерилері мен офицерлерінің сепаратистерге көмек көрсеткеніне дәлел болғанына қарамастан, Мәскеу мұны жоққа шығарып келген еді.

Путин Украинадағы мақсатына жету үшін Киевті күш қолдануға сылтау болатындай әскери әрекетке итермелегісі келген болуы мүмкін.

"Оның сөзінің негізгі түйіні – Ресей енді өзінің әскери қатысы барын жасырмастан [сепаратистерге жасалған] шабуылға жауап беретіндей сылтау тапты" деп жазды RAND корпорациясының бас саясаттанушысы Сэмюэл Шарап Twitter-де.

"Осын күнге дейін Ресейде ашық әскери қолдауды өз заңдары бойынша да ақтап алатындай ештеңе болмады. Енді болады, – деп жазды Шарап. – Бұл оқиғаның жетіспей тұрған элементі еді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG