Украинаның Ресей армиясы басып алған Херсон қаласында сейсенбі таңнан бері жарылыс дауысы естіліп тұр. Бұл жөніндегі Украинаның қоғамдық хабар тарататын "Суспильне" арнасы хабарлады.
Жергілікті пабликтерге сілтеме жасаған Украинаның "УНИАН" ақпарат агенттігі де таңнан бері Херсонда жарылыс болып, автомат атылып жатқанын айтты. Аймақ тұрғындары түсірді деген видеодан атыс болып жатқаны байқалады.
ТСН телеарнасы тілшісінің хабарлауынша украин әскері Херсондағы Ресей армиясының техникасы орналасқан орынға, кейіннен әскери бөлімшеге шабуыл жасаған.
Ресейдің ТАСС агенттігінің мәліметі бойынша, Херсонда Украинның барлау тобымен ұрыс болған. Ресей әскерилерінің айтуынша, украиндықтар "жойылған".
Украина президентінің баспасөз қызметі 30 тамыз таңертең Херсон облысының барлық дерлік аймағында кескілескен ұрыс жүріп жатқанын, күні-түні қатты жарылыс болғанын жазды. Президент кеңсесінің брифингіне сілтеме жасаған AFP агенттігі де осындай мағлұмат жариялады.
29 тамызда Украина әскерилері Херсон облысында қарымта шабуыл бастағанын мәлімдеген. "Каховка" оперативтік тобының өкілдері ұрыс кезінде Ресей әскерінің алғашқы қорғаныс шебін бір тұста бұзып кіргендерін хабарлады. Ал Украина қорғаныс күштері басшылығы әскери операция басталды деп айтуға асықпау керек дегенді қосты.
Ресей қорғаныс министрлігі 29 тамыздағы кешкі ақпарда Украина әскері Николаев және Херсон облыстары аймағында үш бағытта шабуыл бастауға әрекеттенгенін, көп шығынға ұшырап, онысы "сәтсіз аяқталғанын" хабарлаған.
Дүйсенбі күні кешкі үндеуінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері аман қалғысы келсе, "қашуы керек" екенін ескерткен:
"Украина өзінікін қайтарады. Харьковщинаны, Луганщинаны, Донетчинаны, Запорожьені, Херсонщинаны, Қырымды және міндетті түрде Қара теңіз бен Азов теңізінің акваториясын қайтарып алады" деді ол. Зеленский қарымта шабуыл бойынша ешқандай нақты жоспарды ашып айтпайтынын да жеткізді.
Украина президент кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович ел жасағы Ресей әскеріне көпір арқылы зат жеткізетін жолдарды бұзып кіргенін, Херсон облысындағы паром өткелдерін жойғанын мәлімдеді.
- Сейсенбі таңертең Ресей әскері Харьковты тағы атқылады. Облыс әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, қаланың орталық аудандарын атқылау кезінде кемінде төрт адам қаза тауып, тағы төртеуі жараланған.
- Азаттықтың Украин қызметінің хабарлауынша, Ресей әскері Харьковтың Киев, Салтов, Шевченко аудандарын үнемі атқылайды.
- Мәскеу Украина аумағындағы азаматтық нысандарды әдейі атқылады деген айыптарды үнемі жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР