Accessibility links

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қызметінен босап, орнына Дархан Сатыбалды тағайындалды


Дархан Сатыбалды
Дархан Сатыбалды

Сәрсенбі, 31 тамыз күні Қазақстан президентінің жарлығымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қызметінен босатылып, орнына Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды тағайындалды.

58 жастағы Шөкеев облысты 2019 жылдың ақпанынан бері басқарып келген. Оған дейін ол премьер-министр орынбасары, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облысының (Түркістан облысының бұрынғы атауы) әкімі қызметтерін атқарған.

Жаңа әкім Дархан Сатыбалды 2019 жылдың наурызынан бері Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі болған. 2010 жылдары Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.

Халқының саны бойынша Алматы облысынан кейін тұрған Түркістан облысы 2018 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында құрылған. Облыс орталығы болып келген Шымкент республикалық маңызы бар қала атанып, жаңа облыстың әкімшілік орталығы Түркістан қаласына ауысты. Ресми дерек бойынша, облыста 2 миллионнан астам адам тұрады.

Түркістан облысы – республикалық бюджеттен ең көп қаражат алатын облыс. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында облысқа 1 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Облыс орталығы атанған Түркістанда кейінгі жылдары құрылыс үлкен қарқынмен салынып келеді. Қалада ЮНЕСКО қорғауындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар.

Шөкеевтің жұмыстан босату туралы өтініш жазғаны 24 тамыз күні белгілі болды. Оған дейін ол Түркістан облысындағы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың кінәсі сотта дәлелденсе, қызметтен кететінін мәлімдеген. 13 шілде күні Махажанов пара алу айыбымен 10 жылға сотталған.

2019 жылы күзде мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер еніп, онда қол астындағы қызметкер істі болған жағдайда мемлекеттік саяси қызметкер жұмыстан кетуге міндетті болатыны жазылған.

27 тамыз күні Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Шөкеевтің отставкаға кету туралы өтініші "қисынды әрі дұрыс" екенін айтқан.

Бірақ қарамағындағы қызметкері істі болған шенеунік отставкаға кету жайлы өтініш жазғанымен, одан жоғары басшы өтінішті қабылдамауы мүмкін. 2021 жылы ақпанда Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов осы себеппен өтініш жазған орынбасары Бақтияр Мәкеннің отставкасын қабыл алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG