Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев "ірі көлемде пара алды" деп кінәлі танылған Кентаудың бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановқа шыққан үкім күшіне енгеннен кейін отставкаға кету жайлы өтініш жазды. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сүйенген "Информбюро" сайты жазды.
Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.
—Облыс әкімі осы норма негізінде отставкаға кету туралы өтінішті 24 тамызда жазған, — деп хабарлады баспасөз қызметінің өкілдері.
Шөкеевтің өтініші қабылданғаны-қабылданбағаны белгісіз.
Шілде ортасында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановты жемқорлық бабымен (366-бап, 4-бөлік) кінәлі деп танып, он жылға түрмеге кескен.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысын 2019 жылдың ақпан айынан бері басқарып келеді. Оған дейін ауыл шаруашылық министрі болды. Оның алдында 2017 жылдың желтоқсанынан бері вице-премьер – ауыл шаруашылық министрі болды. Одан ертерек 2011 жылдың желтоқсанынан бері "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына жетекшілік еткен.