Accessibility links

МАГАТЭ мамандарының Запорожье АЭС-індегі миссиясы ұзарды


Рафаэль Гросси (ортада) Запорожье АЭС-інде, 1 қыркүйек 2022 жыл.
Рафаэль Гросси (ортада) Запорожье АЭС-інде, 1 қыркүйек 2022 жыл.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Запорожье атом электр станциясында өз өкілдерін қалдырады. Бұл туралы Ресей басып алған Энергодардағы станцияға барған МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси мәлімдеді.

Гроссидің сөзінше, сарапшылар станцияға жеткенде санаулы сағатта "көптеген маңызды ақпаратты жинай алған". Бірақ агенттік басшысы бұл ақпараттың егжей-тегжейін нақтыламады, бірақ миссияның Энергодарда 3 қыркүйекке дейін болатынын, одан кейін МАГАТЭ бақылаушыларының тұрақты қалуы шешілетінін айтты.

Гросси сондай-ақ станция қызметкерлерінің табанды қызметін атап өтті.

"Олар осы ауыр жағдайға қарамастан, өз жұмысын өте жақсы атқарып отыр" деді агенттік басшысы журналистерге. Осыдан кейін ол АЭС-тен кетіп қалды.

"Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, МАГАТЭ сарапшылары станцияда төрт сағатқа жуық болып, одан кейін миссия кортежіндегі тоғыз көліктің төртеуі АЭС аумағынан шығып кеткен.

  • МАГАТЭ миссиясының Запорожье АЭС-іне баратын күні, Энергодардың атқылауға ұшырағаны хабарланды. Қаланың украиналық мэрі Дмитрий Орлов шабуылды Ресей әскері жасап отыр деді. Қаланың Ресей тағайындаған әкімшілігі 1 қыркүйектің таңындағы шабуылды Украина жасады деп отыр.
  • Украинаға ақпан айында басып кірген Ресей наурызда Запорожье АЭС-ін бақылауға алған. Содан бері Киев пен Мәскеу бір-бірін станция аумағын атқылап жатыр деп айыптаған. Тамыздың басында МАГАТЭ станцияда қауіпсіздік талаптары жаппай бұзылып жатыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG