Accessibility links

Кезектен тыс сайлау Тоқаевтың билігін күшейту амалы ма? Қазақстан қару экспортын Ресей қысымымен тоқтатты ма?


Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс берген сәт.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауында дауыс берген сәт.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы жарияланғанына тоқталып, "мұның астарында президент Тоқаевтың билігін күшейту талпынысы жатыр ма?" деген сауалға үңілді. Сондай-ақ басылымдар "Қазақстанның қару-жарақ экспортын бір жылға тоқтату туралы шешіміне Мәскеудің қатысы бар ма?" деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек аймақтағы негізгі ойыншы − Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде Қытай Орталық Азиядағы ықпалын күшейтіп жатқанын талдады.

"БИЛІГІН КҮШЕЙТУГЕ ТАЛПЫНҒАН" ТОҚАЕВ

Батыстағы бірқатар басылым президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялап, президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынғанына назар аударды.

Ұлыбританияның Financial Times басылымы президент бұл қадамға қаңтарда 238 адам қаза тапқан ел тарихындағы ең қанды оқиғадан кейін барғанын жазды.

1 қыркүйек күні халыққа жолдауында Тоқаев президенттікті бір мерзіммен шектеу билікті монополиялау қаупін төмендететінін мәлімдеді. Сонымен қатар қоғам үкіметке реформаларды іске асыруға мандат беруі үшін парламенттің төменгі палатасына сайлау келесі жылы өтетінін айтты.

Басылым J.S. Held консалтинг компаниясының саяси тәуекелдер бөлімінің жетекшісі Ливия Паджидің "кезектен тыс президент сайлауын өткізуді демократиялық қадам емес, билікті күшейту қадамы деп қарастырған дұрыс" деген пікірін келтіреді.

Сарапшы Қазақстанда кезектен тыс сайлау ел экономикалық проблемалар тәрізді қиын кезеңге немесе саяси тұрақсыздыққа тап болғанда, биліктегі президенттің позициясын бекіте түсу үшін жарияланатынын жеткізді.

Бұл тақырыпты көтерген АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Тоқаевтың президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу ұсынысының астарында билік басында ұзағырақ қалуды көздейтін мақсат жатуы мүмкін екенін жазды. Заң бойынша, елде кезекті президент сайлауы 2024 жылы өтуі керек болған.

Мақала авторы "Тоқаев кезектен тыс сайлауға түсу арқылы қалған өкілет мерзімін құрбан етуге дайынмын деді, алайда айналып келгенде бұл оның өкілет мерзімін ұзарта түсуі мүмкін. Кэтрин Путц Тоқаев президенттік өкілетті жеті жылдық бір мерзіммен шектейтін өзгерісті заңға сайлаудан кейін ұсынады" деп жазады.

Қазіргі заң бойынша бір адам бес жылдық екі мерзімнен артық президент бола алмайды. Тоқаев қазіргі заңға сәйкес 2022 жылдың аяғында келесі бес жылдық мерзімге сайлана алады. Артынша президенттікті бір мерзіммен шектейтін өзгеріс қабылданса, Тоқаев келесі сайлауға түсіп, жеті жылдық мерзімге сайлана ала ма? Бұл сұрақты қойған автор көрші Өзбекстанда президент қызметінде қалу мерзімін қалай ұзартқанын есепке алу керек дейді.

"Сайлаудан кейін заңға түзету енгізілген соң Тоқаевтың бұған дейінгі президенттік мерзімдері есептен шығарылуы мүмкін. Сөйтіп ол 2027 жылы тағы да сайлауға түсіп, жеті жыл президент қызметін атқара алады. Мұндай жағдайда Тоқаев 2034 жылға дейін билікте қала беруі ықтимал" деп қайырады Путц.

Автор "Қазақстан президенті жолдауда саяси партияларды тіркеу процедурасы жеңілдетілгенін мақтана жеткізді. Алайда тіркеу ережесі өзгергенімен, одан бері бірде-бір саяси партия тіркелмеді. Кезектен тыс президент сайлауы жылдың аяғына дейін өтетінін ескерсек, оған кандидат ұсына алатын жаңа саяси партиялардың тіркелуіне және бәсекелестердің сайлауға дайындалып үлгеруіне уақыт тар" деп жазады.

"Тоқаевтың өзге адамның жеңіске жететінін елестету қиын" дейді Путц.

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУ-ЖАРАҚ ЭКСПОРТЫН НЕГЕ ТОҚТАТТЫ?

Қазақстан үкіметі тамыздың аяғында қару-жарақ, әскери өнімдер мен әскери техника экспортына бір жылға тыйым салды. АҚШ-та шығатын National Interest басылымы "бұған не түрткі болды?" деген сұраққа жауап іздеді.

Экспортты тоқтата тұру туралы шешім премьер-министр Әлихан Смайылов төрағалық ететін Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі комиссиясының отырысынан кейін қабылданды. Баспасөз хабарламасына қарағанда, комиссия бұл отырыста "мұндай экспортқа лицензиясы бар заңды тұлғаларға аудит жүргізу" жоспарын талқылаған.

Басылымның шолушысы Тревор Филсет Қазақстан үкіметі таратқан баспасөз хабарламасында қару-жарақ экспорты не себепті бір жылға тоқтатылатыны ашылып айтылмаса да, мұндай шешім Ресейде шығатын басылымдардың "Қазақстан Украинаға қару-жарақ пен әскери өнімдерді Ұлыбритания арқылы экспорттайды" деп айып таққан материалдардан кейін қабылданғанына назар аударады. Сондықтан автордың ойынша, бұл шешім Ресейдің Қазақстанға жасаған саяси қысымымен байланысты болуы мүмкін.

Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Путиннің Сочидегі кездесуі. 19 тамыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Путиннің Сочидегі кездесуі. 19 тамыз 2022 жыл.

Кей елдер үшінші мемлекеттер арқылы Украинаға қару-жарақ береді. Мысалы, Болгария Киевке Польша арқылы 4000 тонна әскери техника жібергені айтылған, алайда Болгария мұны жоққа шығарды.

Автор Қазақстанда қару-жарақ өнеркәсібі бар екеніне жазады. "Елде бронды машиналар, артиллерия, пулемет, граната және басқа да қару-жарақтар, қорғаныс құралдары мен түнде көретін көзілдірік шығарылады. Алайда Қазақстан үкіметі бұл заттардың экспортталатынын еш жерде көрсеткен емес" дейді автор.

Басылым сонымен қатар Қазақстан қару-жарақ экспортын тоқтата тұру туралы шешімді Тоқаев пен Путиннің 19 тамызда Сочиде өткен кездесуінен кейін қабылдағанын келтіреді. Бірақ кездесуден кейін Қазақстан мен Ресей тараптары таратқан ақпаратта бұл мәселенің талқыланғаны айтылмады.

"ҚЫТАЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТУГЕ КІРІСТІ"

Америкалық National Interest басылымы Қытай сыртқы істер министрі Ван Идің шілде аяғында Орталық Азияға жасаған сапары Пекиннің аймақтағы ықпалы артып жатқанын көрсетті деп жазады.

Мақала авторы Еуропа университетінің профессоры және Грузияның Geocase сараптамалық орталығының Таяу Шығысты зерттеу бөлімінің директоры Эмиль Авдалианидің пайымдауынша, Мәскеудің Украинаға басып кіргенінен сескенген аймақ елдері өзінің болашағын Ресей ықпалынан тыс қарастыра бастады.

"Бұл елдердің үкіметтері Қытайды сенім артуға болатын держава деп қабылдайды" деп жазады автор.

"Қытай қолдауына сүйене алатынын білген Орталық Азия мемлекеттері кейінгі айларда сыртқы саясатта өте сақ, бірақ батыл қадамдарға барды. Мысалы, маусым айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның шығысындағы Ресей басып алған аймақтарды мойындаудан бас тартып, Путиннің соғысты ақтап алу үшін алға тартқан уәжді жоққа шығарды" дейді Авдалиани мақаласында.

Қытай және Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлігінің кездесуі. 8 маусым 2022 жыл.
Қытай және Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлігінің кездесуі. 8 маусым 2022 жыл.

Қазақ мұнайын Ресей аумағы арқылы Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр консорциумы жыл басынан бері төрт рет жұмысын ішінара немесе толық тоқтатты. Шілде айында Тоқаев мұнайды экспорттайтын бағыттарды әртараптандыруды тапсырды. Авдалиани Қазақстанның Ресейді айналып өтетін дәліздер арқылы мұнай экспорттайтын бағыттарды іздеуге кіріскені бір жағы прагматизм болса, екінші жағынан мұның астарында Қытай Ресейдің аймақтағы күшін теңестіре алады деген сенім жатыр деп есептейді.

"Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азия елдерін үрейлендіріп, оларды болашақта Ресейдің әскери авантюризміне қарсы тұра алатын күшті іздеуге мәжбүрледі" дейді автор.

Басылымның жазуынша, аймақтағы негізгі ойыншы − Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде, Пекин Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге тырысып жатыр.

"Қытай сыртқы істер министрінің аймаққа сапары Пекин осы мүмкіндікті пайдаланып, Ресей осы күнге дейін қарсы болған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға дайын екенін көрсетті" деп жазылған мақалада.

Автор бұл ретте Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысын меңзейді. Оның жазуынша, бұл теміржол құрылысы бұған дейін он шақты жыл бойы талқыланса да, алға жылжымаған. Ресей арқылы өтетін теміржолмен жүк тасымалдау Батыс санкцияларына әкеп соқтыруы мүмкін, сондықтан Орталық Азия мен Қытай қазір бұл жобаны іске асыруға ықыласты. Мәскеу осы күнге дейін бұл жобаға ашық қарсы шықпаса да, бұл теміржол Ресейден транзиттің едәуір бөлігін алып қояды деп қауіптенді. Алайда қазір Ресей бұған қарсы шықпайтын тәрізді, себебі оқшауда қалған Мәскеу халықаралық аренада Қытай қолдауына көбірек сүйенгісі келеді.

Автордың жазуынша, бүгінде Қытай Орталық Азияда ықпалын арттырып, Ресейді басып озды. Украинадағы соғыстан кейін екі державаның аймақтағы бәсекесі күшейе түседі, себебі "Қытай аймақта инвестицияларға, ал Ресей қауіпсіздікке жауапты" деген еңбек бөлінісі түбегейлі өзгерді. Дегенмен Ресей мен Қытай АҚШ-қа қарсы тұру үшін бірін-бірі қажет етеді, сондықтан олардың арасында қандай да бір келіспеушіліктердің туындауы екіталай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG