Accessibility links

Ақтөбеде сот қаржы пирамидасын құрғандардың үкімін бір апта оқыды. 48 адам 7-18 жылға сотталды


"Қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған 48 адамның соты өтіп жатқан Ақтөбедегі қоныс колониясы. 28 маусым 2022 жыл.
"Қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған 48 адамның соты өтіп жатқан Ақтөбедегі қоныс колониясы. 28 маусым 2022 жыл.

Ақтөбе соты "қаржы пирамидасын құрды" деп айыпталған 48 адамның үкімін 26 тамыз – 6 қыркүйек аралығында оқып, бір апта дегенде әрең тауысты. Судья Сейфулла Тасымбетов үкім ұзақ оқылғандықтан аяғы талғандарға отырып тыңдауға рұқсат берді. Айыпталушылар өздерін фото мен видеоға түсіруге қарсы болды.

Үкімнің алғашқы күні 26 тамызда сотталушыларға кесілген жаза жария етілген болатын. Кейінгі күндері заттай айғақтар мен материалдық шығын мөлшері туралы айтылды. Ақтөбе соты 16 301 салымшының азаматтық талап-арызын қанағаттандыру туралы қаулы қабылдады.

Сот осы істегі басты айыпталушы ақтөбелік Жанболат Есіркеповті 18 жылға түрме жазасына кесті. Оған "қаржы ұйымын құрып, оған жетекшілік етті", "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген ауыр айыптар тағылған. Тергеу материалдарында ол "Выгодный займ", "Гарант 24 Ломбард", "ESTATE Ломбард", "Нұр-Али Капитал" компанияларының құрылтайшысы әрі жетекшісі ретінде сипатталады.

Есіркепов "Выгодный займ" компаниясын 2018 жылы Ақтөбе қаласында құрып, 2020 жылы ақпанға дейін өзге өңірлерден бөлімше ашқан. Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент, Павлодар, Жаңаөзен секілді бірнеше қалада жұмыс істегені де айтылады.

Осы қылмыстық іс материалдарында "Есіркеповтің сенімді серіктерінің бірі" ретінде сипатталатын Жандос Елтаев 17 жыл жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ол - Есіркеповтің туған інісі.

Ағайынды Елтаевтардың құқығын қорғаған адвоката Айбек Қоянбаев аппеляциялық алқаға шағым жазатынын айтты.

Тергеу орындары Жанболат Есіркепов бастаған жалпы саны 48 адамды "17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденді" деп айыптаған. Оларға "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген ауыр айыптар тағылған. Сот 48 адамға 7-18 жыл аралығында түрме жазасын кесті.

Салымшылардың арасында аса көп мөлшерде 66 млн, 62 млн, 59 млн теңге материалдық зардап шеккендер бар. "Ай сайын 35-48 пайыз өсім болады" деген уәдеге сеніп, салымшылардың басым көпшілігі алғашқы жарна ретінде 300 мың теңгеден салған.

Тергеу материалдарында шығынның жалпы сомасы 30 млрд 220 мың теңге екені айтылады. Салымшылардың 99-ы талап-арызынан бас тартқан. Отыз бес салымшы үкім шыққанша қайтыс болып кеткен.

- Әйеліммен ажырасуыма осы жағдай себеп болды. "Гарант 24 Ломбард" компаниясына сол кезде төрт млн теңгеге бағаланған Toyota Camry көлігі мен 300 мың теңгемді салдым. Қазір ол көліктің бағасы 6,5 млн теңге. Сот ақшам қайтарылсын деп қаулы қабылдады. Ал көліктің тағдыры әзір белгісіздеу болып тұр. Өйткені мен сотқа кезінде "Гарант 24 Ломбард" компаниясымен жасалған келісімшартты жарамсыз деп тану туралы арыз жаздым. Бұл іс енді азаматтық сот өндірісінде қаралуы керек, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Болатбек Нұрмағамбетов.

Тергеу сотталушылардан 54 түрлі мүлік тәркілеген. Оның арасында жеке үйлер, пәтер мен офистер, автокөліктер бар. Сотталушылардан тәркіленген мүліктердің жалпы құны әзір белгісіз. Оны сот орындаушылары бағалайтын болады.

Адвокаттардың басым көпшілігі сот үкіміне риза емес. Сондықтан аппеляциялық алқаға шағым түсірмек.

Сотталушылар арасында айыбын ішінара мойындағандар, мүлдем мойындамағандар да бар. 48 сотталушының бірде-бірі өзіне тағылған айыпты толық мойындамады. Екі жылға жуық 3 786 томдық істі қараған Ақтөбе соты сотталушылар айыбы жәбірленушілермен жасалған келісімшарт, офистерде толтырылған хаттама, бухгалтерия құжаттары, аудиторлық тексеру қорытындысымен дәлелденгенін хабарлайды.

Айыпталушылар Рашид Әбдірахымов пен Қымбат Әбдиеваның құқығын қорғаған адвокат Нұрбибі Есмағамбетова сот үкімімен келіспейді. Сот Рашид Әбдірахымовқа – сегіз жыл, Қымбат Әбдиеваға жеті жылдық түрме жазасын кескен.

- Мен қорғаған азаматтар компанияның жалдамалы жұмысшылары ғана. Шын мәнінде олар сотта жауапкер де бола алмайтын адамдар. Өйткені салымшылар келісімшартты жеке адамдармен емес, компаниямен жасасқан. Сотталуы керек үш адам компания құрылтайшылары қашып кеткендіктен жазықсыз адамдар сотталмақ, - дейді адвокат Нұрбибі Есмағамбетова.

Қазақстанда кейінгі уақытта қаржы пирамидасына ақша салып алданғандар сан күрт артып, қылмыстық істер көбейді. Қаржы пирамидасына қатысты істермен айналысып жүрген заңгер Юлия Ашихмина Азаттыққа берген сұқбатында "қазақстандықтар тірліктен қажығаннан, қаржылай және әлеуметтік шарасыздықтан қаржы пирамидасына ақша салады" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG