Accessibility links

МАГАТЭ Запорожье АЭС-іне сапарының қорытындысын жариялады


Запорожье атом электр станциясында жүрген МАГАТЭ инспекторлары. 1 қыркүйек 2022 жыл.
Запорожье атом электр станциясында жүрген МАГАТЭ инспекторлары. 1 қыркүйек 2022 жыл.

Халықаралық атом қуаты жөніндегі агенттігі ресейлік әскер басып алған Запорожье атом электр станциясындағы жағдай туралы есебін жариялады.

Өткен аптадағы тексеру кезінде инспекторлар станцияның бірнеше жері, соның ішінде өңделген ядролық отын сақтайтын орын зақымдалғанын анықтады.

МАГАТЭ есебінше, бұдан бөлек турбиналарды майлауға арналған сұйықтық сақталған цистерна; реактор орналасқан ғимарат маңындағы кешен; оқу корпусы; станцияны қорғайтын апат жүйесі орналасқан ғимарат; сонымен бірге радиация деңгейін бақылау жүйесі орналасқан контейнер бүлінген.

Сарапшылар Запорожье атом электр станциясы аумағында ресейлік әскери техника болғанын хабарлады.

Есепте станцияда "қауіпсіздік аймағын" белгілеу қажеттігі айтылған. МАГАТЭ осы іске көмектесуге дайын. Агенттік атом станциясын атқылауды доғаруға шақырып, бұның соңы "ядролық апатқа" ұласуы мүмкін екенін ескертті.

Запорожье АЭС-іне жиі оқ атылып жүр. Украина мен Ресей шабуылға бір-бірін айыптап отыр.

МАГАТЭ инспекторлары Запорожье АЭС-іне 1 қыркүйекте кіріп, төрт сағаттай сонда болды. Агенттік миссиясының алты мүшесі апта аяғына дейін станцияда қалса, екеуі тұрақты түрде сонда болады.

Ақпанның соңында Украинаға басып кірген Ресей әскері наурызда Запорожье АЭС-ін бақылауға алған. Осыдан кейін станцияға ядролық апат қаупі төнді. Бұл жағдай халықаралық қауымдастықты алаңдатып қойды. Сарапшылардың айтуынша, Ресей станцияны Украинаны келіссөзге отыруға итермелеу үшін пайдаланбақ болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG